2025 жылғы 21 ақпан, Рабат - Қазақстанның Мароккодағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Елші Сәулекүл Сайлауқызы, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсаков және Марокколық кәсіпорындардың Бас конфедерациясы (CGEM) Экономикалық сараптама комитетінің төрағасы Дрис Беномардың онлайн кездесуі өтті.
Қатысушылар Қазақстан және Марокко арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен әлеуетін, сондай-ақ бірлескен Іскерлік Кеңес құру мәселесін талқылады.
Сыртқы сауда палатасының басшысы еліміздің экономикалық дамуы туралы ақпарат бере отырып, Қазақстан және Марокко кәсіпкерлері арасындағы байланысты кеңейту мақсатында жақын арада Іскерлік Кеңес құруға қызығушылығын растады.
Өз кезегінде, марокколық кәсіпкер 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуын растап, Форумға бизнес-делегация мүшелерімен бірге баратынын хабарлады.
Кездесу нәтижесі бойынша АХФ аясында қазақстандық Атамекен мен марокколық CGEM арасында келісімге қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.