Рабат қаласында Республика күні аталып өтті

Рабат қаласында Республика күні аталып өтті

Рабат қаласы, 24 қазан – Еліміздің ұлттық мейрамы – Республика күні Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Рабат қаласында аталып өтті.

Салтанатты қабылдауға марокколық Парламент мүшелері, мемлекеттік мекемелер, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, БАҚ пен іскер топтар және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Салтанатты қабылдаудың құрметті қонағы болған Марокко Корольдігінің Жоғары білім, ғылыми зерттеулер және инновациялар министрі Абделлатиф Мирауи Марокко Үкіметінің атынан барша қазақстандықтарды ұлттық мейраммен құттықтады. Министр Қазақстан мен Марокко арасындағы қарым-қатынастар бауырлас халықтардың игілігі үшін әрі қарай дами беруін тіледі.    

Өз сөзінде, Елші С.Сайлауқызы елімздің бастамасымен өткен тарихи маңызы бар халықаралық іс-шараларды, Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастықтың даму бағыттарын атап өтті.

Қазақстан Елшілігінің ресми қабылдауына елімізден арнайы келген К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің  ұлттық сарындағы қойылымдары ерекше қошеметке бөленді. Сондай-ақ Филармония әртістерінің ү.ж. 26 қазанда Марокко Королі Мұхаммед VI патронажындағы мүмкіндіктері шектеулі жастарды өмірге бейімдеу және жұмыспен қамтамасыздандыру орталығының балалары үшін қамқорлық концертін өткізуі жоспарлануда.