Қазақстанның Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Рабаттағы Мұхаммед VI атындағы жаңа Халықаралық университеттік аурухана кешеніне (ХУАК) барып, оның жұмысымен танысты

Қазақстанның Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Рабаттағы Мұхаммед VI атындағы жаңа Халықаралық университеттік аурухана кешеніне (ХУАК) барып, оның жұмысымен танысты
Аталған нысанды Жоғары Мәртебелі Король Мұхаммед VI 2025 жылғы қарашада салтанатты түрде ашқан болатын.
 
Елшінің Рабаттағы Мұхаммед VI атындағы Халықаралық университеттік аурухананың Бас директоры Абдельмаджид Муссауимен кездесуі барысында медицина саласында тәжірибе және студенттермен алмасу бойынша Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. А. Муссауи ХУАК-тың негізгі қызмет бағыттары туралы айтып, мекеменің халықаралық стандарттарға сай келетінін және барлық азаматтар үшін қолжетімді жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсететінін атап өтті.
 
Кешен 280 000 м² аумаққа бой көтерген және бір-бірін толықтыратын екі нысанды қамтиды: Халықаралық университеттік аурухана (190 000 м²) және Мұхаммед VI атындағы Медициналық және биологиялық ғылымдар университеті (90 000 м²). Аурухана 600 төсек-орынға есептелген, оны 1000 орынға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Ол роботтандырылған хирургия, нейрохирургия, интервенциялық кардиология, онкология, сәулелік терапия және озық медициналық визуализация сияқты бағыттарды қамтитын жоғары санаттағы 30-дан астам мамандандырылған хирургиялық және медициналық-техникалық орталықтардан тұрады.
 
Ауруханада 24 заманауи ота жасау бөлмесі бар. Олардың 19-ы жалпы ауданы 3400 м² құрайтын, құрамында гибридті және роботтандырылған залдары бар интеграцияланған ота жасау блогында орналасқан.
 
Кешеннің бірегей бөлімшелерінің қатарында ауыр күйік алған пациенттерді емдеуге арналған мамандандырылған бөлімді, сондай-ақ Мароккодағы озық емдеу әдістерін қолдану мен физиологиялық зерттеулер жүргізуге арналған жалғыз гипербариялық оксигенация бөлімін атап өтуге болады.
 
Пациентке бағдарланған ХУАК қолжетімділікті, қауіпсіздікті және медициналық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз ететін кешенді әрі жеке емдеу бағдарламаларын ұсынады.
 
Сонымен қатар, бұл мекеме Мұхаммед VI атындағы Медициналық және биологиялық ғылымдар университеті студенттерінің озық клиникалық және технологиялық ортаға толықтай енуін қамтамасыз ете отырып, олар үшін таптырмас тәжірибелік база болып келеді.