2025 жылғы 5-10 қазан аралығында Загора қаласында 19-шы Халықаралық Транссахаралық кинофестивалінде Қазақстан бас қонақ ретінде қатысып, фестиваль аясында Қазақстанның Ұлттық мерекесі – Республика күні аталып өтті. Кинофестивальдің ашылу рәсіміне Марокко Парламентінің мүшелері, Марокко-Қазақстан парламентаралық достық тобының төрағасы Абделькадер Тахер, Загора қалалық кеңесінің төрағасы Мадани Шейхи, Загора муниципиалдық кеңесінің төрағасы Абделжадил Эль-Хрейф, Загора провинциясының туристік кеңесінің вице-президенті Юсеф Даххамат, дипломатиялық корпус және БАҚ өкілдері қатысты.
Фестиваль президенті Халед Шахид Фестиваль ашылуымен құттықтап, Елшілікпен бірге осындай ірі іс-шара өткізу және Қазақстанның мәдениеті мен киноөнерін паш ету аймақтың дамуы үшін өте маңызды, өйткені ол туристер мен инфлюенсерлерді тартады, елдің киноиндустриясын алға жылжытуға ықпал етеді деп атап айтты.
Елші С.Сайлауқызы сөзінде Қазақстанда іске асып жатқан реформалар, маңызды іс-шаралар мен халықаралық бастамалар, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастың нәтижелеріне көңіл аударды.
Кинофестивальге Еуропа, Африка, Азияның 25 астам елдерінің, оның ішінде Орталық Азиядан Қырғызстан және Өзбекстанның да кинолары қатысады. Қазақстаннан «Тюльпан», «Сасық», «Томирис» және «Паралимпиец» 4 фильм көрсетіліп, еліміздің киноиндустрияның өкілдері, оның ішінде белгілі қазақ әртісі Самал Еслямова арнайы қатысты.
Марокколық көрермендер «Шымкент концерт» филармониясы әртістерінің концертін ықыласпен қарсы алды. Фестиваль аясында қазақ және марокколық ұлттық киімдерінің бірлескен көрсетілімі өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалар орталығында және Загора провинциясының Бен Золи тұрғындары үшін «Шымкент концерт» филармониясы әртістерінің концерті ұсынылды.