Съездің бастауы
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылды.
2003 жылы 13 ақпанда мұсылман, христиан және еврей ұйымдары қатысқан әрі діндер мен мәдениеттердің, халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарған Бейбітшілік пен келісімнің халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Елбасы, барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасын жариялады.
Съездің мақсаттары:
– әлемдік және дәстүрлі діндерден жалпы адамзаттық бағдарларды іздеу;
– дінаралық сұхбатты жүзеге асыру мен келісілген шешімдерді қабылдау мақсатында тұрақты негізде қызмет атқаратын халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Съездің басты басымдықтары:
– бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті адамзат өмірінің айнымас қағидаттары ретінде бекіту;
– діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу;
– адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға жол бермеу.
Съезд міндеттері:
– дінаралық және конфессияаралық сұхбат дәстүрлерін дінаралық съез түрінде нығайту;
– діндер мен мәдениеттер, өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталған барлық халықаралық ұйымдар мен құрылымдармен ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасау;
– зайырлы және діни БАҚ-тарды, жастар бірлестіктерін, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, әртүрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің сұхбатын кеңейту;
– діни қауымдастықтар арасында сыйластық пен өзара түсіністікті орнықтыру және тереңдету;
– өшпенділік пен экстремизм идеологиясына қарсы төзімділік пен өзара құрмет мәдениетін дамыту;
– діндердің қарама-қайшылығында және теологиялық дауларды одан әрі саясаттандыруда, сондай-ақ діннің беделін түсіруге әрекеттенуден көрінетін «өркениеттер қақтығысы» тезистерінің басым болуына жол бермеу.
Съез хронологиясы
Астана қаласында 2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 және 2022 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жеті съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты.
Съездің диалог алаңдарында діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы бойынша мазмұнды әрі мағыналы әңгіме өтті, нәтижесінде бірлескен декларациялар мен халықтар мен үкіметтерге үндеулер қабылданды.
2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші Съезі өтті.
Форум жұмысына Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен 17 делегация қатысты.
Бірінші Съез барысында қатысушылар дінаралық саммитті тұрақты негізде өткізу және жұмыс органын – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады.
Дінаралық саммит жұмысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезіне қатысушылардың қорытынды құжаты – Декларациясы қабылданды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы аяқталғаннан кейін «Бәйтерек» монументінің жанында саммиттің барлық делегациялары мен қонақтарының қатысуымен ортақ дұға жасалды.
2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Екінші Съезі өтті.
Съез форумды өткізу үшін арнайы салынған жаңа ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
Дінаралық саммит жұмысына 43 делегация – әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері және Еуропа, Америка, Азия және Африканың 20 елінен құрметті қонақтар қатысты.
Екінші Съездің басты тақырыбы: «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» болды.
Съездің бірінші күні «Дінаралық диалог қағидаттары» атты құжат қабылданды. Съез қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Екінші съезінің Декларациясы қабылданды.
2009 жылғы 1-2 шілдеде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Үшінші Съезі өтті.
Съезд жұмысына әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысты.
Үшінші Съездің негізгі тақырыбы: «Діни лидерлерінің толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құрудағы рөлі» болды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев осы саммитте сөз сөйлеп, Съезге қатысушылардың барлығы бірауыздан қолдаған Діни лидерлер кеңесін құру туралы ұсыныс енгізді. Кеңестің қызметі басқа беделді форумдармен және халықаралық ұйымдармен диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Форум қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Үшінші Съезіне қатысушылардың Үндеуі қабылданды.
2012 жылғы 30-31 мамырда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Төртінші Съезі өтті.
Съезд жұмысына әлемдік және дәстүрлі діндердің, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдардың атынан әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Төртінші Съезінің негізгі тақырыбы: «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» болды.
Дінаралық саммит аясында Діни лидерлер кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Кеңес құрамына әлемнің 17 дінінің өкілдері кірді.
Дінаралық саммит жұмысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Төртінші Съезіне қатысушылардың Үндеуі – қорытынды құжат қабылданды.
Діни лидерлер кеңесінің мүшелері және Съезге қатысушылар «Рухани жарасым» аллеясының іргетасын қалауға, 1932-33 жж. ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылу салтанатына қатысты, Съезге қатысушылардың барлығына арналған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барды, онда олар бірлескен діни ғибадат ету шарасы өтті.
2015 жылғы 10-11 маусымда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бесінші Съезі өтті.
Съезге әлемнің жетекші мемлекеттерінен беделді Діни лидерлер Кеңесі мен саяси қайраткерлерінен құралған 49 елден 72 делегация қатысты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бесінші Съезі «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» тақырыбында өтті. Астана дінаралық саммиті аясында Діни лидерлер Кеңесінің Екінші отырысы өтті.
Бесінші Съез аясында төмендегідей төрт тақырып бойынша секциялар жұмыс істеді:
№1 секциялық отырыс: «Діни және саяси лидерлер: адамзат алдындағы жауапкершілік»;
№2 секциялық отырыс: «Діннің жастарға әсері: білім, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары»;
№3 секциялық отырыс: «Дін және саясат: жаңа үрдістер және келешегі»;
№4 секциялық отырыс: «Бейбітшілік, қауіпсіздік пен үйлесімділік үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы сұхбаттастық негізіндегі өзара сыйластық пен түсіністік».
Съез жұмысына белгілі саяси көшбасшылар мен беделді қоғам қайраткерлері, соның ішінде Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II-ші, Финляндия Президенті Саули Ниинисте, БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Бесінші Съездің жабылуында сөз сөйлеп, Бейбітшілік және келісім мұражайын құруға, Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын және әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің Құрмет медалі болуы туралы бастама жасады.
Саммит қорытындысы бойынша қорытынды құжат – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бесінші Съезіне қатысушылардың Астана декларациясы қабылданды.
2018 жылғы 10-11 қазанда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Алтыншы Съезі өтті.
Съезд жұмысына әлемнің 43 елінен 82 делегация қатысты, оның ішінде: Австрия, Әзербайжан, Армения, Бразилия, Ватикан, Ұлыбритания, Грузия, Египет, Израиль, Үндістан, Индонезия, Иордания, Иран, Италия, Катар, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Марокко, Нидерланды, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мальта, Америка Құрама Штаттары, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Франция, Хорватия, Швейцария, Оңтүстік Африка Республикасы, Оңтүстік Корея, Жапония бар.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі жұмысына алғаш рет съезге әріптес елдер – Вьетнам, Германия, Сербия, Сингапур, Өзбекстаннан делегациялар қатысты.
Делегация құрамына әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері мен өкілдері, беделді саяси қайраткерлер мен ірі халықаралық ұйымдардың басшылары кірді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері алтыншы съезінің негізгі тақырыбы: «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» болды.
Съез шеңберінде Діни лидерлер кеңесінің Үшінші отырысы өтті.
VI Съезд аясында төрт секциялық отырыс өткізілді. Алтыншы Съездің секциялық отырыстарының тақырыптары:
№1 секциялық отырыс: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде».
№2 секциялық отырыс: «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер».
№3 секциялық отырыс: «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар».
№4 секциялық отырыс: «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында».
Съездің әрекеттестігі
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметіне: Әлемдік Ислам Лигасы (Сауд Арабиясы Корольдігі), Әулие Эджидио қауымдастығы (Италия), Азия Үйі (Испания), Тони Блэр қоры (Ұлыбритания), «Корд бастамасы» ұйымы (АҚШ), ТМД дінаралық кеңесі, «Діндер бейбітшілік үшін» конференциясы, Вена халықаралық дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығы сияқты беделді халықаралық ұйымдар ерекше қызығушылық танытуда. Король Абдалла, Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі, Дінаралық диалог жөніндегі Доха халықаралық орталығы және т. б.
2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің басты тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» болды.
VII Съездің секциялық отырыстарының тақырыптары:
№1 Секция: «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі».
№2 Секция: «Діндер мен мәдениеттердің, әділеттілік пен бейбітшіліктің құрметті қатар өмір сүруін нығайтудағы білім мен діни ағартудың рөлі».
№3 Секция: «Діни лидерлер мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қосқан үлесі».
№4 Секция: «Әйелдің әл-ауқатқа және қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі».
Съез жұмысына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, буддизм, зороастризм, индуизм және басқа діндердің өкілдері қатысты. Жетінші Съезге Рим Папасы Франциск, сондай-ақ жетекші діни ұйымдардың делегациялары мен мемлекет өкілдері қатысты.