Аса мәртебелі дін өкілдері!
Қадірлі меймандар!
Баршаңызды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл – алғашқы Съездің шақырылғанына 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді.
Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады.
Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады.
Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанады.
Баршаңызға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жұмысына белсене қатысқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Ізгілік жолындағы істеріңізге толайым табыс тілеймін!
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының Президенті
Астана қ., 2023 жылғы 11 қазан