
Бүгін халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың алты негізін қалаушы мемлекет 2026 жылдың төртінші тоқсанында Иордания Хашимит Корольдігінде соғыс кезінде адамзаттық құндылықтарды сақтауға арналған жоғары деңгейлі конференция өтетінін жариялайды.
Ұлы Мәртебелі Иордания Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн және Бразилия, Иордания, Қазақстан, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасы басшылары Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен әріптестікте барлық мемлекеттердің басшыларын осы шешуші кезеңде бірлесіп әрекет етуге шақырады. Біз соғыс жүргізу ережелерінің қақтығыс кезіндегі ортақ адамгершілігімізді сақтауда іргелі маңызға ие екенін және бұл ережелердің әмбебап, әділ әрі дәйекті түрде сақталуы тиіс екенін бір ауыздан растап, бірлік танытуымыз қажет.
Соғыстағы қатыгездікті, ақылға қонымсыз адамзаттық азап-қайғыны және залалды тоқтатуға деген терең жауапкершілік пен шұғыл қажеттілікті сезіне отырып, Бразилия, Иордания, Қазақстан, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасы Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлесіп, 2024 жылғы қыркүйекте халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастаманы іске қосты.
Бүгінгі күнге дейін әлемнің барлық өңірлерінен тоқсан тоғыз мемлекет халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастамаға ресми түрде қосылды. Жиырма жеті мемлекет халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеуді нығайтуға және соғыс жүргізудің қазіргі заманғы өзгерістері туындатқан сын-қатерлерді шешуге бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу үшін жеті тақырыптық жұмыс бағытын бірлесіп үйлестіруде. Біз барлық мемлекеттерді осы күш-жігерге қосылып, соғыс уақытында зұлымдықтың алдын алып, адамзаттық құндылықтарды қорғау бойынша ортақ жауапкершілігіміз төңірегінде бірігуге шақырамыз.