Мемлекетаралық қатынастардың тарихы
1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, ОАР мемлекетімізді алғашқылардың бірі болып таныды, сөйтіп бұл ел халықаралық қатынастар жүйесінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына деген терең қызығушылығын танытты. Екі мемлекеттің заманауи тарихнамасына сүйене отырып, қазақстандық-оңтүстікафрикалық ынтымақтастықтың басталуы ретінде 1992 жылғы 5 наурыз - дипломатиялық қатынастардың ресми түрде орнатылған күні болып танылды.
Екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды оқиға ретінде 2003 жылғы желтоқсанда Алматыда Оңтүстік Африканың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ашылуы болды. Ол кейіннен, 2008 жылғы ақпан айында, елордамыздың 10-шы жылдығына орайластырылып Қазақстанның жас астанасына көшірілді. 2016 жылғы желтоқсанда ОАР-дың Қазақстандағы Елшісі болып Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс ханым тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африкадағы Елшілігі 2013 жылғы желтоқсан айынан бастап жұмыс істей бастады.
Қазақстан Республикасының ОАР-дағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі қазақстандық мемлекеттік қайраткер, дипломат Талғат Ғабдуллаұлы Қалиев болды, бұл жоғары лауазымдағы қызметті ол 2014-2019 жж. атқарған.
2019 жылғы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде Қанат Қобыландыұлы Тумыш болып тағайындалды. Ол 2019 жылғы 15 қазанда өзінің сенім грамоталарын ОАР Президенті С.Рамапозаға тапсырды.
2023 жылғы 11 қаңтарда Еркін Қадырбекұлы Ахинжанов Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Саяси диалог
Тәуелсіздік жылдары кезеңінде қазақстандық-оңтүстікафрикалық қатынастар тұрақты және серпінді дамып, экономикалық, саяси, әскери-техникалық, гуманитарлық (оның ішінде, білім беру, ғылыми мен мәдени) және басқа да салалардағы маңызды мәселелер дәйекті түрде ілгерілетуде.
Екі ел арасындағы алғашқы ресми байланыстар 1993 жылғы наурызда, Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрі С.Әбішев бастаған қазақстандық делегацияның ОАР-ға сапары кезінде орын алды, ал оның барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастар құрылуының жолдарын талқылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев, ҚР Сыртқы істер министрі болған кезде, 1997 жылдың күзінде, Оңтүстік Африкаға сапармен барып, ОАР Тұңғыш Президенті Н.Мандела және оның кабинетінің бірқатар мүшелерімен маңызды ресми келіссөздер өткізді.
Жаңа мыңжылдықтың басталуымен, заманауи қазақстандық-оңтүстікафрикалық қатынастар, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ жаңа әрі дәстүрлі қауіп-қатерлерге қарсы күресудің негізгі ұстанымдары бойынша бір-біріне жақын болу немесе сәйкес келу ахуалында жалғасуда. Бұл БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар аясындағы екі елдің одан әргі тығыз ынтымақтастығына тиісті алғышарттар жасауда.
Жоғарғы және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар екіжақты байланыстарды, ықпалдастығымыздың барлық салалардағы дамытуға серпін берді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастарды орнатуда тарихи рөл атқарды. Ол 2002 жылғы тамыз-қыркүйек айларында БҰҰ-ның Қоршаған орта және тұрақты даму жөніндегі конференциясына (Жер саммиті) қатысу үшін Йоханнесбургке сапары аясында Оңтүстік Африка Республикасында болды. Бұл жоғарғы деңгейдегі іссапар, екі ел ынтымақтастығының кеңеюі мен тереңдетуінің бастамасы болды.
Өз кезегінде, оңтүстікафрикалық басшылықтың жоғары деңгейдегі Қазақстанға сапары - 2008 жылғы желтоқсанда, Оңтүстік Африканың билеуші партиясы «Африка ұлттық конгресінің» (АҰК) төрағасы Джейкоб Зума (2009 жылғы мамырдан бастап, 2018 жылғы ақпанына дейін – ОАР-дың төртінші президенті) біздің елде жұмыс іссапарымен болған кезде жүзеге асты. Сапар барысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев оны Алматыдағы өз резиденциясында қабылдап, қонақтың назарын алдағы уақытта екіжақты үкіметаралық келісімдерге қол қоюдың маңыздылығына аударды. Аталмыш кездесуде АҰК төрағасы Дж.Зума: «Екі елдің ортақ тұстары көп. Еліңіз үшін қиын жылдары кезеңінде Сіздің шынайы көшбасшылық көрсеткеніңізді сырттай байқаймыз. Нақты айтқанда, Өзіңіз қазақстандық қоғамда этносаралық келісімді сақтау мен нығайтуға барлық жағдай жасай алдыңыз. Бұл біз үшін өте маңызды тәжірибе. Сондай-ақ, еліңіздің сәтті экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және тиісті реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген бірегей көзқарасыңыздың бар екенін де білеміз» - деп айтып, Тұңғыш Президентінің тікелей басшылығымен мемлекетімізде тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізілген табыстарын жоғары бағалады. Дж.Зума ОАР мен ҚР арасындағы барлық бағыттардағы қарым-қатынастарды тереңдетуге, сондай-ақ АҰҚ мен "Нұр Отан" (қазіргі уақытта "AMANAT") партиялары арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін де білдірді.
Дәл сол кездерде, 2000-шы жылдардың алғашқы онжылдығында, ынтымақтастығымыздың берік құқықтық негізі қаланып, ол бүгінгі күнге дейін қазақстандық-оңтүстікафрикалық қатынастардың оң бағыттылығын және жоғары динамикасын айқындайды.
2007 жылғы шілдеде ҚР Индустрия және сауда министрі Ғ.Оразбақов бастаған қазақстандық делегация, Оңтүстік Африкадағы ең ірі қаржы орталығын Йоханнесбург және ел астанасы Преторияда сапармен болды. Оның барысында делегациямыздың басшысын ОАР басшылығы қабылдады. Ғ.Оразбақов елдің түрлі министрлік, меекеме және жетекші компанияларында жемісті келіссөздер өткізді. Сапар шеңберінде, екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында, екіжақты шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын екі құжатқа – Сыртқы істер министрліктері арқылы әрекет ететін ҚР Үкіметі мен ОАР Үкіметі арасындағы консультациялар туралы хаттамаға (2007 жылғы 22 шілдеде Преторияда жасасты) және ҚР мен ОАР Сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға (Йоханнесбургте 2007 жылғы 18 жасасты) қол қойылған.
2011 жылғы 10 қарашада Йоханнесбургте ҚР Cыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Р.Жошыбаев пен ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары И.Ибраһим арасында кездесу өтті. Оның нәтижелері бойынша Оңтүстік Африка, ЭКСПО-2017 өтетін орнын таңдау үшін өткен сайлауда Қазақстан кандидатурасын қолдады.
ОАР-ға 2012 жылғы 26-29 қазан аралығында жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай, 29 қазанда Оңтүстік Африка Президенті Дж.Зумамен кездесті.
2013 жылғы желтоқсан айының ортасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы А.Мусинов, ОАР Тұңғыш Президенті Н.Манделаны жерлеу жөніндегі мемлекеттік рәсімге қатысу үшін Оңтүстік Африкаға сапар шекті.
Екі елдің сыртқы істер мекемелері арасында саяси консультациялардың жеті раунды өтті:
I - 2010 ж. 28 қыркүйек (Претория; Оңтүстік Африкада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай бастаған делегацияны ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары И.Ибраһим қабылдады). Консультациялар барысында тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Оңтүстікафрикалық тарап, алдағы ЕҚЫҰ Саммитін атап өтіп, осы Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретіндегі Қазақстанның бастамалары мен рөлін жоғары бағалады;
II - 2012 ж. 3 мамыр (Астана; Қазақстанда ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары И.Ибраһимді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ. Сарыбай қабылдады);
III - 2013 ж. 10-11 қазан (Претория; Оңтүстік Африкада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай бастаған делегацияны ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары М.Франсман қабылдады);
IV - 2014 ж. 5-6 қараша (Астана; Қазақстанда ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Н.Мфекетоны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Мусинов қабылдады);
V - 2016 ж. 11 қараша (Астана; Қазақстанда ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Н.Мфекетоны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Камалдинов қабылдады);
VI - 2018 ж. 23 қараша (Претория; Оңтүстік Африкада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев бастаған делегацияны ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Р.Мауле қабылдады);
VII - 2023 ж. 6 маусым (Астана; Қазақстанда ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары К.Машего-Дламинині ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Тумыш қабылдады).
2017 жылы Оңтүстік Африка, Астанада өткен «Астана ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне қатысты. ЭКСПО-ның Оңтүстік Африкадан Ұлттық комиссары ОАР-дың Қазақстандағы Елшісі К.Мэттьюс болды.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиев бастаған қазақстандық делегация, 2019 жылғы 16-20 қыркүйекте Кейптаун қаласында (Оңтүстік Африка Республикасы) өткен Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) Кеңесінің 110-шы отырысына және Бас ассамблеясының 42-отырысына қатысты. Сондай-ақ, қазақстандық делегация ISO Дамушы елдер жөніндегі комитетінің (DEVCO) отырысына да қатысты. Онда дамушы елдердің мамандарын оқыту және стандарттау процесіне тарту бойынша Комитеттің ISO Орталық Хатшылығының Біліктілікті арттыру басқармасымен бірлесе жасаған жұмыс қорытындылады.
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кету туралы тарихи шешімінен кейін, ресми Претория тарапынан тиісті реакция орын алды. ОАР Президенті С.Рамапоза 2019 жылғы 15 қазанда ҚР жаңадан тағайындалған Елшісі К.Тумыштың сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде атап өткеніндей, Оңтүстік Африканың басшылығы қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы және достық пен сенімге негізделген қазақстандық-оңтүстікафрикалық ынтымақтастықты табысты ілгерілетуге үлкен жеке үлесін қосқан Елбасының рөлін жоғары бағалайды.
Оңтүстік Африка қоғамында, ағылшын тіліндегі (Оңтүстік Африкада қолданылатын негізгі тіл, осы елдегі ресми тілдерінің бірі дәрежесіне ие) мәтіндері жарияланған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә.Назарбаевтың бастамалары, атап айтқанда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті шынайы қызығушылық туғызуда. Әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Оңтүстік Африка (оның ядролық бағдарламасы 1989 жылы тоқтатылды), ядролық қарусыз әлем құру үшін халықаралық күрестегі Қазақстан Республикасы мен оның Тұңғыш Президентінің жетістіктерін жоғары бағалайды.
Қазақстан мен Оңтүстік Африка, екі елдің халықаралық бастамаларын өзара қолдауға тырысуда. Нақты айтқанда Оңтүстік Африка 2016 жылы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелігіне, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Астана қаласында өткізу үшін еліміздің кандидатурасын, ал Қазақстан, өз кезегінде, 2018 жылғы маусымда өткен сайлауда, 2019-2020 жж. арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Оңтүстік Африканың кандидатурасын қолдады.
2018 жылы ресми Претория, тиісінше, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің мүшелігіне және біздің елге Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын 2020 жылы маусым айында Астана қаласында өткізуге құқық берген сайлаулар барысында Қазақстанның кандидатурасын екі рет қолдады.
Осындай табысты ықпалдастық арқылы, тараптар өзара тиімді қатынастарды мен серіктестікті нығайтуға бағытталған ынтасын айқын дәлелдеді.
Консулдық ынтымақтастық
Елшіліктің Консулдық бөлімі, Оңтүстік Африка азаматтарымен жанұя құрған Қазақстан азаматтарымен және 2000 жылдан 2004 жылға дейінгі қезеңде Қазақстаннан 29 баланы асырап алған ОАР азаматтарының отбасыларымен тұрақты байланыс орнатып, оны ұдайы жалғастыруда.
Қазақстан Ренспубликасының
Оңтүстік Африка Республикасындағы
Елшілігі