Қазатомөнеркәсіп және ČEZ a. s. Чехияға уран концентратын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды

Қазатомөнеркәсіп және ČEZ a. s. Чехияға уран концентратын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – Қазатомөнеркәсіп немесе Компания) және чех компаниясы ČEZ a. s. Чехияның атом электр станциялары үшін қазақстандық табиғи уран концентратын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды.

Келісім Қазатомөнеркәсіптің Еуропадағы жұмысының көкжиегін кеңейтіп, Компанияның әлемдік уран нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді. Қазақстандық уран Темелин атом электр станциясында алдағы жеті жылда пайдаланылатын Westinghouse жылу бөлетін құрамалар дайындауға қажет уранның үштен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл Чехияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, елді таза және тұрақты электр энергиямен қамтамасыз етудегі атом электр станциясының рөлін күшейтеді.

ČEZ, a. s. – атом энергетикасы саласында шешуші рөл атқаратын Орталық Еуропаның жетекші энергетикалық компаниясы. Чехияның электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 36% қамтамасыз ететін екі алаң – Дукована мен Темелинде алты ядролық реакторды басқарады. Елдегі электр қуатының едәуір бөлігін өндіретін ČEZ басқа да энергия көздерін қоса есептегенде аймақты тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етіп отыр.

Ресми қол қою рәсімі Прагадағы ČEZ a. s. бас кеңсесінде өтті. Қазатомөнеркәсіп осындай келісімдер жасау арқылы өткізу арналарын әртараптандыруға және дүниежүзі бойынша стратегиялық әріптестікті дамытуға ұмтылады.   

«Осы Келісімге қол қоя отырып, Қазатомөнеркәсіп Еуропадағы өз қызмет аясын кеңейтуді және сату портфелін әртараптандыру стратегиясын нығайтуды жалғастыруда», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің коммерция жөніндегі бас директоры Владислав Байгужин. - Бұл әлемдік атом энергетикасы үшін таңдаулы серіктес болу жолындағы тағы бір маңызды кезең. ČEZ a. s.-мен серіктестік аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және декарбонизация мен тұрақты дамудың ортақ мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді».

Директорлар кеңесінің мүшесі, ČEZ a.s. атом энергетикасы дивизионының бас директоры Богдан Зронек: - «Біз үшін Қазатомөнеркәсіппен серіктестік орнату жеткізушілер портфолиосын әртараптандырады және ČEZ бен Чехия үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі, атом электр станцияларымызды тұрақты және сенімді отын көзімен қамтамасыз етеміз. Бұл энергия қажеттіліктерін қанағаттандырып, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде декарбонизация жоспарымызды (VIZE 2030) жүзеге асыру үшін қажет», - деп атап өтті.

ÇEZ a. s.-мен келісімшарт Қазатомөнеркәсіптің жетекші табиғи уран өндіруші және жеткізуші мәртебесін нығайтып, компанияның халықаралық деңгейдегі табысты тарихын жалғастырады. Бұл мәміле екі компания арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, аймақтағы атом энергетикасының тұрақты дамуына ықпал етеді және Еуропаның энергетикалық ландшафтын өзгертудегі маңызды қадам болып табылады.