Астана, 2025 жылғы 8 сәуір – Қазақстан жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін қалпына келтіру және қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту бойынша ауқымды шаралар арқылы жабайы табиғатты қорғау саласындағы жаһандық көшбасшылығын одан әрі нығайтып келеді. Барыс, Пржевальский жылқысы және жорға дуадақ сияқты бірқатар нышандық түрлердің популяциясын көбейту бойынша елеулі ілгерілеушілік байқалды.
2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әртүрлілікті сақтау – Қазақстан үшін кезек күттірмейтін басымдық екенін атап өтті. «Экожүйеге түсетін жүктеме артып келеді. Үкіметке мамандарды тарта отырып, жағдайды жан-жақты зерделеуді және теңгерімді шешім қабылдауды тапсырамын», – деді Президент Тоқаев, сайғақ популяциясының көбеюіне байланысты алаңдаушылыққа орай. 2019 жылы браконьерлікке қарсы заңнаманың күшеюі нәтижесінде бұл түрдің саны айтарлықтай қалпына келтірілгенімен, ауыл шаруашылығына әсері мен аурулардың таралу қаупі сынды жаңа сын-қатерлер туындауда.
Қазақстан Балқаш өңіріне Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бойынша бастаманың көшбасшысы болып табылады. Бұл – жан-жақты экологиялық және экономикалық жоспарлауды талап ететін жоба. Сонымен қатар барыс популяциясын сақтау және ұлғайту бойынша да жұмыстар жанданып келеді. Адам әрекетінен зардап шегіп отырған Каспий итбалығы мен қызғылт фламинго сияқты осал түрлерді қорғау шаралары да күшейтілуде. Биологиялық әртүрлілікті ұзақ мерзімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Қор құру ұсынылды. «Осы игі істің ерекше маңыздылығын атап өту үшін мен бұл қоғамдық ұйымды жеке өзім басқаруға дайынмын», – деді Президент Тоқаев.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін 869 мың гектардан 30,9 миллион гектарға дейін ұлғайтты, бұл елдің биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді ұстанымын айғақтайды.
Барыс пен Пржевальский жылқысын сақтау: жаһандық үлгі
Қазақстанның барысты – бүкіл әлем бойынша жойылып бара жатқан түрді – қорғауға бағытталған инновациялық тәсілдері халықаралық деңгейде мойындалуда. Популяцияны нақты бақылауға мүмкіндік беретін бейнеқақпандар мен спутниктік телеметрия сияқты заманауи бақылау технологиялары енгізілді. Он бір барысқа спутниктік мойынтұмалар тағылып, олардың мекен ету ортасын басқару шаралары қолға алынды.
«Табиғатты қорғау бағытындағы мақсатты шаралардың арқасында барыс саны 1990 жылдардағы дағдарысты кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам өсті және бүгінде 180-нен астам дарақты құрайды», – деді 2024 жылғы желтоқсанда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев. «Біздің жұмысымыз шекарааралық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы жалғасуда».
1960 жылдардың соңына қарай табиғатта жойылып кеткен Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру – тағы бір сәтті жоба. Халықаралық ұйымдармен бірлесіп, өткен жылдың маусым айында жеті Пржевальский жылқысы Прага хайуанаттар бағынан Қазақстандағы «Алтын дала» резерватына жеткізілді. 2029 жылға дейін жалпы саны 40 жылқыны елдің тоғыз өңіріндегі тарихи мекендеріне қайта әкелу жоспарлануда.
Жорға дуадақ пен Тұран жолбарысын сақтау
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесе отырып, Түркістан өңірінде жорға дуадақты көбейту орталығын құрды. 2009 жылдан бастап бұл орталық жабайы табиғатқа шамамен 73 000 құсты жіберді, бұл түрді сақтау ісіне айтарлықтай үлес қосты.
Қазақстанның Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бағдарламасы осы жыртқышты өзінің тарихи мекеніне – Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына қайтаруға бағытталған. 2018 жылдан бері бұл аймаққа 205 тұғай бұғысы мен 100-ден астам құлан қайта жіберіліп, табиғи қоректік база қалпына келтірілуде. Қазіргі уақытта екі жолбарыс Нидерландыдан әкелініп, вольерлік жағдайда өсірілуде, ал Ресейден тағы үш-төрт жолбарыс биыл жеткізіледі деп күтілуде.
Халықаралық ынтымақтастық және алдағы мақсаттар
Қазақстанның жабайы табиғатты қорғау саласындағы жетістіктері халықаралық ұйымдармен, ғылыми мекемелермен және табиғатты қорғау саласындағы сарапшылармен тығыз әріптестіктің нәтижесі болып табылады. Климаттың өзгеруі мен табиғи мекендеу ортасының жойылуы сияқты жаһандық сын-қатерлер аясында Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау және жойылып бара жатқан түрлерді қалпына келтіру миссиясын табанды түрде жалғастыруда.
Қазақстанның бұл саладағы табыстары елдің экологиялық жаһандық көшбасшы ретіндегі рөлін айқындай түседі. Ғылыми зерттеулерді жалғастыру, халықаралық ынтымақтастық және жануарлар әлемін басқарудағы проактивті тәсілдер арқылы Қазақстан табиғатты қорғау бағдарламалары үшін әлемдік деңгейде үлгі көрсетуде.