Прага, 2025 жылғы 18 наурыз – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Қазақстан – Чехия» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев бастаған делегациясы жұмыс сапарымен Чех Республикасына барды. Қазақстандық делегация құрамында Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева және Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев те болды.
Сапар аясында Чехия Парламенті Депутаттар палатасындағы «Чехия – Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшелерімен келіссөздер өтті. Бұл топқа Конституциялық-құқықтық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Радек Вондрачек жетекшілік етеді. Тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша диалогты жандандыру қажеттігін атап өтіп, екіжақты парламентаралық өзара іс-қимылдың даму перспективаларын талқылады. Заңнамалық тәжірибе алмасуға, халықаралық парламентаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылға, сондай-ақ білім беру және мәдени бастамаларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Депутаттар екі елдің салалық парламенттік комитеттері арасындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде уағдаласты.
Қазақстандық делегация сондай-ақ Чех Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йиржи Козакпен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық серіктестікті нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және өңірлік қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.
Тараптар энергетика, машина жасау және жоғары технологиялар саласындағы өзара инвестицияларды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту және екіжақты бизнес байланыстарын жандандыру перспективасы атап өтілді.
Чех тарапы Қазақстанда демократиялық институттарды дамыту және заң үстемдігін нығайту мақсатында жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді. Өз кезегінде, қазақстандық делегация машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру және өзге де салалардағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетіне назар аударды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және барлық деңгейде диалогты дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Парламентшілер екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайту мақсатында тұрақты кездесулер өткізу және тәжірибе алмасу жөніндегі өзара мүдделерін растады.