Чехияда Қазақстанмен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту әлеуеті талқыланды

Чехияда Қазақстанмен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту әлеуеті талқыланды

Прага, 2024 жылғы 22 сәуірҚазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чехияның Злин өлкесінде сапармен болды. Сапар аясында өлкенің басшылығымен, Өңірлік экономикалық палатаның және Томаш Батя университетінің өкілдерімен кездесулер өтті.

Злин өлкесінің гейтманы (губернаторы) Радим Голишпен кездесу барысында Қазақстан мен Чехия арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Б.Дүйсенбаев сұхбаттасушыны Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың барысымен, өңірлерді дамыту жөніндегі шаралармен және су тасқынының қазіргі жағдайымен таныстырды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың едәуір әлеуетін атап өтіп, екі елдің өңірлері арасында нақты жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Злин өлкесінің Экономикалық палатасының директоры Рената Браздиловамен әңгіме барысында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және басқа да салаларда чех технологиялары мен тәжірибесін тартуға қызығушылық білдірілді. Б.Дүйсенбаев жергілікті компаниялардың өкілдері үшін бизнес-семинар ұйымдастыруға, сондай-ақ қазақстандық серіктестермен тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.

Злин қаласындағы Т.Батя университетінде интернационалдандыру жөніндегі вице-ректор Марек Кубалчикпен кездесу өтті. Ынтымақтастық мәселелерін талқылай отырып, қазақстандық дипломат Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласын дамытуға үлкен мән берілетінін атап өтті. Осы тұрғыда қазақстандық тараптың техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға қызығушылығы атап өтілді және Қазақстанда ЖОО филиалын ашу перспективаларын қарастыру ұсынылды. М.Кубалчик өз кезегінде Т.Батя университетінде қазір 20-дан астам қазақстандық студент оқитынын, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша бірқатар қазақстандық университеттермен белсенді ынтымақтасатынын хабарлады.

Злин өлкесі – дамыған өнеркәсібі, тарихи-мәдени ерекшеліктері мен табиғи сұлулығы бар, Чехияның ең алуан түрлі аймақтарының бірі.