Прагада Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру жобасы таныстырылды

Прагада Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру жобасы таныстырылды

Прага, 2024 ж. 5 наурыз – Қазақстанның Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру жобасына арналған баспасөз мәслихатына қатысты. Прага хайуанаттар бағы ұйымдастырған шара аясында чех және шетелдік БАҚ жобаның бастауымен және оны жүзеге асыру барысымен танысты.

Атап айтқанда, Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек Пржевальский жылқыларының Еуропада пайда болу тарихы, чех ғалымдары мен меценаттарының жылқы түрін сақтау мен көбейтуге қосқан үлесі, Моңғолияда сәтті жүзеге асырылған жерсіндіру тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық әріптестермен, қазақстандық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен осы уақытқа дейін бірлесіп жүргізілген жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ М.Бобек алғашқы 8 жылқыны Қазақстанға Прага мен Берлиннен биыл маусым айында әкелу жоспарланып отырғанын айтты.

Өз кезегінде Б.Дүйсенбаев жобаның игі идеясын жоғары бағалап, оның жан-жақтылығын да атап өтті. Қазақстанда биоәртүрлілікті қалпына келтірумен қатар, ол Қазақстан мен Чехия арасындағы әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін негіз болады. Қазақстандық дипломат сонымен қатар Чехия тарапына Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру жобасын дайындауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оны сәтті жүзеге асыру үшін қазақстандық тараптың барлық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.