Қазақстандық реформалар Чехия Парламентінде талқыланды

Қазақстандық реформалар Чехия Парламентінде талқыланды

Прага, 2024 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев ЧР Парламентінің депутаттар палатасындағы Чехия-Қазақстан парламентаралық достық тобының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында Б.Дүйсенбаев чех депутаттарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың барысымен таныстырды. Қазақстандық дипломат саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы өзгерістердің негізгі аспектілері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ҚР Конституциясындағы, сайлау жүйесіндегі, сондай-ақ Парламенттің рөлін күшейтуге, азаматтық қоғамның саяси өмірге араласуын кеңейтуге және атқарушы билікті орталықсыздандыруға бағытталған мемлекеттік органдар жүйесіндегі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Экономикалық реформаларға қатысты Б.Дүйсенбаев сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту әлеуетін көрсетіп өтті. Бұдан басқа, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар атап өтілді.

Чех депутаттары қазақстандық реформалардың бірегейлігін бағалап, екі елдің заң шығарушы органдарының жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.  

Парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылай келе, тараптар парламент өкілдерінің өзара сапарларын өткізу тәжірибесін қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан Елшісі ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Қазақстан-Чехия достық тобының жетекшісі Р.Қожасбаевтың чех әріптесі Р.Вондрачекке жолдаған хатын табыс етті.

Сонымен қатар, білім беру, мәдениет саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Чехия өңірлері арасында байланыс орнату перспективалары қарастырылды.