
Брно, 2026 жылғы 13 шілде - Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің басшылығы мен қызметкерлері Чехияның Оңтүстік Моравия өлкесіндегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Басқосуда консулдық қызмет көрсету, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жұмыспен қамту мүмкіндіктері, сондай-ақ алдағы парламенттік сайлау аясындағы дауыс беруге қатысу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Кездесу барысында Елші Қайрат Әбдірахманов шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастардың әрдайым жоғары патриоттық рухымен, сапалы білімімен және оқуына деген жауапкершілігімен ерекшеленетінін атап өтті. Сонымен қатар Елші оларға Чехияда ұйымдастырылатын қайырымдылық, музыкалық және өзге де мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді атсалысып жүргені үшін ризашылығын білдірді.
Пікір алмасу барысында студенттер биотехнология, автомобиль инженериясы, жобаларды басқару, өңірлік даму, қоршаған ортаны қорғау, экономика және гуманитарлық ғылымдар салаларында меңгеріп жатқан білімдері мен тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстан мен Чехияның жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және тағылымдамалар ұйымдастыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныстар ортаға салынды.
Кездесудің жеке бір бағыты алдағы Құрылтай сайлауына арналды. Осы орайда бір палаталы Парламент пен Халық кеңесінің қоғамдық диалогты дамытуға, түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін бір алаңға топтастыруға және елдің өзекті даму мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беретін жаңа маңызды институттар ретіндегі рөлі сөз болды. Студенттерге Қазақстанның қоғамдық-саяси жаңғыруының негізгі бағыттары, жаңа Конституцияның басты қағидаттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік билік пен қоғамдық институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Брно қаласында өткен бұл кездесу студент жастардың, сондай-ақ білім мен ғылым саласының тұтастай алғанда Қазақстан мен Чехия арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.