
Брно, 2026 жылғы 29 маусым - Оңтүстік Моравия өлкесінің іскер топтарымен өткізілген кездесулер аясында Қазақстан Республикасының дипломаттары халықаралық деңгейдегі «BVV Trade Fairs Brno» көрме кешенінде болып, оның Бас директоры Ян Кубатамен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты кеңейту, іскерлік байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелері қаралды.
Тараптар Брноның Орталық Еуропадағы жетекші іскерлік, технологиялық және көрме орталықтарының бірі ретіндегі әлеуетіне тоқталды. Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың халықаралық көрме іс-шараларына белсендірек қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияға арналған бизнес-форумдарды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Өз кезегінде чех тарапы Қазақстанда өтетін өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы халықаралық көрмелерге Чехияның бизнес қауымдастығының қатысуын ұйымдастыру бағытындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.
Кездесу барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің орнықты дамуына, құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға тың серпін беріп, шетелдік бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Тараптар Чехия Республикасының Премьер-Министрі А.Бабиштің Астанаға жуырдағы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды негізге ала отырып, көрме-индустриясы саласындағы және өзара қызығушылық тудыратын өзге де бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
Анықтама: «BVV Trade Fairs Brno» - Орталық Еуропадағы ең ірі көрме кешендерінің бірі. Оның тарихы 98 жылдан асады. Мұнда жыл сайын 90-ға жуық халықаралық іс-шара, оның ішінде әлемге танымал Халықаралық машина жасау көрмесі мен IDET халықаралық қорғаныс және қауіпсіздік техникасы көрмесі өткізіледі.
Қазақстандық делегация «Whalebone» компаниясының Бас директоры Рихард Маловичпен де кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында киберқауіпсіздік, заманауи цифрлық платформаларды пайдалану, технологиялық шешімдерді дамыту және екі елдің кәсіпкерлік қауымдастықтары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасу болды.
Кездесуде цифрлық трансформация, инновациялық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект технологияларын экономиканың түрлі салаларында қолдану бағытындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды.
Чех тарапы Қазақстан Үкіметінің цифрлық күн тәртібін іске асыру, тиісті инфрақұрылымды дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, соның ішінде киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жөнінде қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етілді.
Өз кезегінде Рихард Малович компанияның Қазақстандағы табысты қызмет тәжірибесіне жоғары баға беріп, елдегі қызмет аясын кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін және өзара тиімді технологиялық әріптестікті дамыту үшін қолайлы әлеуетін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа перспективалы жобаларды бірлесіп іске асыруға бағытталған өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Анықтама: «Whalebone» компаниясы 2016 жылы Брно қаласында құрылған. Бүгінде ол телекоммуникациялық желі операторларына арналған киберқауіпсіздік шешімдерін әзірлеу және жеткізу саласындағы жетекші компаниялардың бірі болып табылады.