Прага, 2026 жылғы 29 маусым – Шымкент қаласынан келген «Қазына» би ансамблі мен «Қаратау» фольклорлық ансамблі 2026 жылғы 25-28 маусым аралығында Чех Республикасының Оңтүстік Моравия өлкесіндегі Стражнице қаласында өткен 81-ші «Strážnice – 2026» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты.
«Strážnice» – Еуропадағы ең көне әрі кеңінен танымал фольклорлық фестивальдердің бірі. Биылғы өнер мерекесіне Чехия, Қазақстан, Мексика, Перу, Словакия, АҚШ және басқа да елдердің шығармашылық ұжымдары қатысты.
Қазақстандық өнерпаздар шетелдік көрермендерді қазақтың ән-күйі мен би өнерінің бай мұрасымен, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірінің төлтума мәдениетімен таныстырды.
Фестиваль барысында отандық ансамбльдер Стражнице сахналарында шетелдік фольклорлық ұжымдармен бірге өнер көрсетті. Олар орындаған күйлер, халық шығармалары мен хореографиялық қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, халықаралық аудиторияның қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырды.
Мәдени шараның жалғасы ретінде Оңтүстік Моравия өлкесінің әкімшілік орталығы – Брно қаласының орталық алаңында халықаралық концерт өтті. Онда Қазақстаннан келген ұжымдар қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерін тарту етті.
Қазақстандық ансамбльдердің қатысуымен өткен іс-шараларға Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің өкілдері арнайы барып, өнерпаздарға қолдау білдірді. Көрермендер қатарында Брно қаласы мен Оңтүстік Моравия өлкесінде тұратын отандастарымыз, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер, «Qazaq Nomad» ұйымының өкілдері, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің чехиялық жанкүйерлер қауымдастығының өкілдері болды.
«Қазына» және «Қаратау» ансамбльдерінің «Strážnice – 2026» фестиваліне қатысуы қазақтың дәстүрлі өнерін Еуропадағы беделді фольклорлық алаңдардың бірінде кеңінен таныстыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде ілгерілетуге ықпал етті.