Қазақстан мен Чехия жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың келешегі Прагада талқыланды

Қазақстан мен Чехия жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың келешегі Прагада талқыланды

Прага, 2026 жылғы 26 маусым – Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех жаратылыстану ғылымдары университетіне жұмыс сапарымен барып, аталған беделді еуропалық жоғары оқу орнының ректоры Михал Лоштякпен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Ашық әрі мазмұнды пікір алмасу барысында тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны одан әрі кеңейту перспективаларын жан-жақты талқылады.

М. Лоштяк университеттің негізгі қызметі аграрлық ғылымдарға бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, оқу орнында өсімдік шаруашылығы, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы, орман шаруашылығы, аграрлық экономика, қоршаған ортаны қорғау және өзге де салалар бойынша мамандар даярланады. ЧЖҒУ Қазақстанның жоғары оқу орындарымен нәтижелі әріптестік орнатуда елеулі тәжірибе жинақтаған. Бүгінде университет Қазақстанның 10 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Солардың ішінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті негізгі серіктестер болып табылады. Аталған жоғары оқу орындары бірқатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын табысты жүзеге асырды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта университетте Қазақстаннан келген 700-ден астам студент білім алуда және докторлық бағдарламалар бойынша ізденушілер даярлауды жолға қою жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі чехиялық әріптесін елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалармен және білім беру жүйесін қолдауға, экономиканың әртүрлі салалары, соның ішінде ауыл шаруашылығы үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталған ауқымды жаңғырту шараларымен таныстырды. Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Чех Республикасының Премьер-Министрі Андрей Бабиштің Астанаға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы оң бағаланды.

Кездесу барысында Қазақстан үшін су ресурстарын тиімді басқару, орман қорын ұтымды пайдалану және сақтау, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге негізделген заманауи агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелерінің өзектілігі ерекше атап өтілді. Осы және өзге де бағыттар бойынша Қазақстан мен Чехияның жетекші бейінді жоғары оқу орындары ұсынатын ғылыми-практикалық шешімдерге сұраныстың артып келе жатқаны айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамыту, сондай-ақ ЧЖҒУ-нің қазақстандық түлектерінің әлеуетін кеңінен пайдалану бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.