Қазақстан Елшісі Прага жоғары оқу орындарында оқитын студенттермен кездесті

Қазақстан Елшісі Прага жоғары оқу орындарында оқитын студенттермен кездесті

Прага, 2026 жылғы 19 маусым – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінде дипломатиялық миссия басшысы Қайрат Әбдірахманов Прага қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатқан отандық студенттермен кездесті.

Бейресми жағдайда және ашық пікір алмасу форматында өткен бұл шара Чехиядағы қазақстандық жастармен тұрақты байланысты нығайтуға, оларды мазалайтын өзекті мәселелерді талқылауға және Елшілікпен арадағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталды.

Басқосу барысында студенттер өздері оқитын университеттер, таңдаған мамандықтары, академиялық қызығушылықтары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ жастардың жергілікті білім беру ортасына бейімделуі, кәсіби қалыптасуы, жеке қабілеттерін шыңдауы және бірлескен бастамаларға қатысу мүмкіндіктері сөз болды.

Елші Қайрат Әбдірахманов қатысушыларды Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен, қазіргі халықаралық ахуалмен және күрделі геосаяси жағдайда ұлттық мүдделерді қорғау тетіктерімен таныстырды. Осы тұрғыда халықаралық қатынастар, дипломатиялық қызметтің ерекшеліктері және жас мамандардың ел дамуына қосатын үлесі төңірегінде сындарлы пікір алмасу өтті.

Сонымен қатар кездесуде еліміздегі өзекті ішкі саяси процестер, соның ішінде партиялық жүйені дамыту, Парламент қызметін реформалау және Ұлттық құрылтай жұмысына дайындық мәселелері де назардан тыс қалмады.

Дипломат жастардың мамандық таңдау, кәсіби бағдар алу мәселелеріне және қазіргі заманғы маманға қажетті қасиеттерге жеке тоқталды. Елші таңдаған салада табысқа жету үшін сапалы біліммен қатар еңбекқорлық, темірдей тәртіп, кең дүниетаным, ақпаратты саралай білу және кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіріп отыру маңызды екенін атап өтті.

Өз кезегінде студенттер Елшілікпен өзара іс-қимылды арттыруға септігін тигізетін бірқатар ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, мәдени-ағартушылық және спорттық шараларды, соның ішінде футболдан жастар турнирлерін өткізу идеялары талқыланды. Мұнымен қоса, қазақстандықтар оқитын чех жоғары оқу орындарының тиісті факультеттері мен Қазақстандағы университеттердің әріптес құрылымдары арасында тікелей байланыс орнату бастамасы көтерілді. Дипломатиялық өкілдік студенттердің барлық сындарлы бастамаларын қолдауға және оларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін нақтылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланысты үзбеуге және Чехиядағы қазақстандық студент жастардың қатысуымен өтетін бірлескен іс-шаралардың ықтимал форматтарын пысықтауға уағдаласты.