
Прага, 2026 жылғы 15 маусым – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінде Орал қаласынан келген жас жазушылар – егіз ағайынды Арлан мен Аслан Айтқалиевтер қонақта болды. Олар мектеп демалысы кезінде ата-анасымен бірге Еуропа елдерін аралап жүр.
Елшілік дипломаттары жас отандастарымызды алғашқы елеулі шығармашылық жетістіктерімен, беделді халықаралық кітап көрме-жәрмеңкелерінде қол жеткізген жеңістерімен және жүлделі орындарымен құттықтады.
Арлан мен Аслан Елшілікке өздері жазған «Гарольд пен ЛараБель. Кітаптар патшалығы» атты кітабын сыйға тартып, оның жазылу тарихы мен шет тілдеріне аударылуы туралы айтып берді. Сонымен қатар олар кітап оқуға, шет тілдерін үйренуге, саяхатқа және жаңа білім алуға деген қызығушылықтары, спорттық әуестіктері, сондай-ақ әлемнің түрлі елдеріндегі құрдастарымен байланыстары жөнінде бөлісті.
Кездесу барысында балалардың шығармашылық жолы ерекше қызығушылық тудырды. Жас авторлар өз шығармалары арқылы қатарластарына кітап пен білімнің адамдарды жақындастыратынын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын және ізгі істерге жетелейтінін жеткізуге ұмтылатынын айтты.
Елші Қайрат Әбдірахманов жас дарындардың ата-анасы Арман мен Рада Айтқалиевтерге, сондай-ақ Орал қаласындағы білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне балалардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол қазақстандық жас ұрпақтың бастамашылдығы, ізденімпаздығы және ашықтығы елдің одан әрі дамуының маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті. Елшілік ұжымы Арлан мен Асланға оқуда табыс, жаңа шығармашылық идеялар мен қызықты жаңалықтар тіледі. Сондай-ақ олардың үлгісі Қазақстандағы және шетелдегі басқа да оқушыларға шабыт береді деген сенім білдірді.
Бейресми кездесу барысында қатысушылар Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту жолдары жөнінде де пікір алмасты. Мұндай өзара іс-қимыл екі достас халықтың, әсіресе жастардың арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал ететіні атап өтілді.
Өз кезегінде балалар мен олардың ата-анасы шығармашылық жоспарларын жүзеге асыруға көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, еліміздің шетелдегі елшіліктеріне, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен ұйымдарға ризашылық білдірді.