
Прага, 2026 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасының Прага қаласындағы Елшілігінде Чех Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ардагерлер және әскери жерлеу орындары істері жөніндегі департаментінің өкілдері Павел Куглер, Мартин Жоур және Радим Храстпен кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Әбдірахмановпен өткен әңгіме барысында екі ел аумағындағы әскери жерлеу орындарын іздестіру, зерттеу, қалпына келтіру және күтіп-ұстау бағытындағы Қазақстан-Чехия ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.
Архивтік-зерттеу жұмыстарына, қаза тапқан әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындардың тағдырын анықтауға, сондай-ақ ХХ ғасырдағы қайғылы оқиғалар мен екі дүниежүзілік соғыстың зардаптары туралы тарихи жадыны сақтауға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Чех Республикасы Парламенті Депутаттар палатасы Төрағасының орынбасары Ян Бартошектің 2023 және 2025 жылдары Қазақстанға жасаған сапарларының маңызы атап өтілді. Аталған сапарлар аясында еліміздің бірнеше өңіріндегі чех ұлты өкілдері жерленген орындарға бару ұйымдастырылып, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізілді, сондай-ақ ғылыми-тарихи конференция ұйымдастырылды.
Тараптар әскери архивтерді қалпына келтіру, әскери жерлеу орындарының дерекқорын құру және осы саладағы халықаралық тәжірибені зерделеу бағытында мемлекеттік деңгейде жүйелі жұмысты жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті. Мұндай жұмыс екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.
Әскери және мемориалдық нысандарға құрметпен қарау, әскери жерлеу орындарын іздестіру мен қалпына келтіру тарихи мұраны сақтаумен қатар, терең адамгершілік мәнге ие екені атап өтілді. Мұндай жұмыс соғыс құрбандарының есімін ұлықтауға, олардың ерлігін келер ұрпақтың жадында сақтауға және қақтығыстардың алдын алуға қызмет етеді.
Қазақстандық дипломаттар чех тарапына шетелдегі чех жауынгерлері жерленген орындарды, сондай-ақ Чехия аумағындағы шетелдік, оның ішінде қазақстандық жауынгерлер жерленген орындарды сақтау және күтіп-ұстау мәселесі бойынша жүргізіп отырған үздіксіз әрі жүйелі жұмысы үшін алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сараптамалық білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ тарихи мұраны зерттеу және әскери жерлеу орындарын күтіп-ұстау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделі екенін растады.