
Прага, 2026 жылғы 6 маусым – Қазақстан Чехия астанасында жыл сайын өтетін әрі Праганың маңызды халықаралық мәдени-гастрономиялық іс-шараларының біріне айналған Елшіліктер фестиваліне қатысты.
Биылғы шараға 60-тан астам елдің өкілдері жиналды. Олар Чехияның ресми тұлғаларына, дипломатиялық корпус өкілдеріне, сондай-ақ Праганың мыңдаған тұрғыны мен қонағына өз елдерінің музыкасы мен мәдени дәстүрлерін, материалдық емес мұрасы мен ұлттық тағамдарын таныстырды.
Қазақстандық стенд ұлттық мәдениетіміздің өзіндік болмысы мен халқымыздың қонақжайлығын айшықтап көрсетті. Экспозицияның басты нысаны қазақтың киіз үйі болды. Дәстүрлі ішкі жасауы мен ұлттық нақыштары көз тартатын киіз үй көшпелі өркениет пен халқымыздың мәдени мұрасының айрықша белгісі ретінде келушілердің ерекше қызығушылығын оятты.
Прагадағы «Алма-Ата» дүкенінің қолдауымен меймандарға қазақтың ұлттық тағамдары, бауырсақ және өзге де дәм ұсынылды. Бұл шетелдік қонақтарға дәстүрлі дастарқанымыздың берекесі мен ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.
Мәдени бағдарлама аясында түрлі елдердің өнерпаздарымен қатар, Қазақстаннан келген студент Абылайхан Қанағат домбырамен күй орындады. Ол тыңдарманға белгілі композиторлардың шығармаларын ұсынып, түркі әлемінің көне музыкалық аспабының өзіндік үнін таныстырды.
Қазақстан Елшілігінің фестивальге қатысуы чех жұртшылығы мен халықаралық қауымдастыққа еліміздің бай мәдени әрі рухани мұрасын тағы бір мәрте таныстыруға мүмкіндік берді.