
Прага, 2026 жылғы 31 мамыр - Прага-Кбелы әскери әуеайлағынан «Жабайы жылқыларды қайтару» халықаралық жобасы аясында Қазақстанға жеткізілетін Пржевальский жылқыларының кезекті тобын алып шыққан Чехия Республикасы Қарулы күштерінің әскери-көлік ұшағы ұшып шықты.
Биыл Қазақстанға төрт айғыр мен төрт биеден тұратын сегіз Пржевальский жылқысын жеткізу жоспарланған. Жануарлардың алғашқы тобы Прагадан аттандырылса, қалған төрт бас жылқы Германиядағы Tierpark Berlin хайуанаттар бағынан жөнелтіледі. Олар Қазақстандағы осы сирек түрді қалпына келтірудің маңызды орталықтарының біріне айналып келе жатқан «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына орналастырылады. Бұл 2024 жылы жобаны іске қосқаннан бері жүзеге асырылған үшінші тасымал болып табылады.
Осыған орай Қазақстан Елшісінің, Прага қаласы әкімінің қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының, Прага хайуанаттар бағы өкілдерінің және Пржевальский жылқысын өсіру жөніндегі еуропалық үйлестірушілердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Сөз сөйлегендер бұл жобаның Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Өйткені бастама сирек кездесетін жануарларды тасымалдаумен ғана шектелмей, дала экожүйелеріндегі табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және Пржевальский жылқысын өзінің тарихи мекендеу ортасына қайтаруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахманов жобаны іске асыруға нақты үлес қосқан Чехия астанасы мен Еуропаның өзге қалаларындағы хайуанаттар бақтарының әкімшіліктеріне, әскери құрылымдарға, сондай-ақ екі елдің табиғат қорғау ұйымдарына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Пржевальский жылқысын сақтау ісінде мол халықаралық тәжірибесі бар Прага хайуанаттар бағының рөлі және жануарларды тасымалдаудың күрделі логистикасын қамтамасыз етудегі Чехия армиясының қолдауы ерекше аталып өтті.
Қазақстан тарапынан жобаға Ауыл шаруашылығы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы және «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары қатысуда. Олар жануарлардың жаңа ортаға бейімделуін қамтамасыз етіп, олардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді әрі табиғи жағдайда орнықты популяция қалыптастыру жұмыстарын жүзеге асырады.
Аталған жоба биоалуантүрлілікті қорғау және дала экожүйелерін қалпына келтіру саласындағы қазақстан-чех ынтымақтастығының нақты нәтижелерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар ол Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және табиғат қорғау бағытындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған кең ауқымды экологиялық күн тәртібімен үндеседі.
Осы тұрғыда ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен, орнықты даму, қоршаған ортаны қорғау және өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне арналған Өңірлік экологиялық саммиттің маңызы атап өтілді.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Чехияның бейінді мекемелері мен хайуанаттар бақтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды кеңейту және биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы бірлескен ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері сөз болды.