Мемлекеттіліктің қалыптасуынан институционалдық кемелденуге дейін: Қазақстанның конституциялық реформалары Чехия Сенатында таныстырылды

Мемлекеттіліктің қалыптасуынан институционалдық кемелденуге дейін: Қазақстанның конституциялық реформалары Чехия Сенатында таныстырылды

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Павел Фишермен кездесті. Кездесу барысында Елші Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси үдерістер, ең алдымен жаңа Конституцияның қабылдануымен байланысты өзгерістер, сондай-ақ мемлекет басшылығының қауіпсіздік пен орнықты даму салаларындағы халықаралық бастамалары туралы жан-жақты мәлімет ұсынды.

Мазмұнды пікір алмасу аясында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Осы ретте саяси диалогты тереңдетуге, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілік расталды. Сонымен қатар жаһандық және өңірлік деңгейде сенім шараларын нығайту мен қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері бойынша диалогты ілгерілетуде парламенттік дипломатияның маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Осы орайда 2010 жылы Астанада өткен, XXI ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның жалғыз саммитін шақыру барысында парламенттік өлшемді тиімді пайдаланудың оң тәжірибесіне тоқталды.

Қазақстандағы ауқымды саяси реформалардың барысын баяндай отырып, Елші егемендік, аумақтық тұтастық және унитарлық қағидаттары конституциялық құрылыстың берік негізіне айналғанын атап өтті, бұл өз кезегінде құқықтық жүйенің орнықтылығын күшейте түседі. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісінің Әділетті Қазақстанды құруға бағытталғаны және қоғам тарапынан кең қолдау тауып отырғаны ерекше айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының болашақ бір палаталы Парламенті – Құрылтаймен белсенді парламентаралық диалогты жалғастыруға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендерін білдірді.