
Прага – Қазақстан Республикасының Прагадағы Елшілігі Чехияның ресми және қоғамдық топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету, сондай-ақ Чех Республикасындағы отандастарды қолдау мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстан Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чехия Сыртқы істер министрлігінің Холокост, конфессияаралық диалог және діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі арнайы өкілі, Халықаралық діни сенім бостандығы альянсының (IRFBA) төрағасы Роберт Ржехакпен кездесті. Тараптар этносаралық және дінаралық келісімді қолдау мақсатындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Елдің көпұлтты және көпконфессиялық қоғамында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған Казақстанның ішкі саясатының негізгі бағыттары, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамалары таныстырылды. Дінаралық келісім мәселелері жөніндегі пікір алмасу барысында Р.Ржехак Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу тәжірибесімен бөлісті. Чех тарапы аталған форумның түрлі дін өкілдерін бір алаңға тоғыстыратын бірегей халықаралық платформа ретіндегі маңызын ерекше атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық деңгейде, әсіресе өңірлік қақтығыстарды шешу ісінде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудің маңызын растады.
Сонымен қатар, Қ.Әбдірахманов Прага қаласындағы Ұлттық азшылықтар үйінің директоры Якуб Штедроньмен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, Чех Республикасындағы қазақ диаспорасы мен студент жастарға қолдау көрсету, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылады.
Елші Ұлттық азшылықтар үйінің қоғамдағы өзара түсіністік пен төзімділікті нығайтудағы маңызды рөлін жоғары бағалап, қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей тәжірибесімен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен таныстырды.
Өз кезегінде Я.Штедронь орталықтың негізгі жұмыс бағыттарына тоқталып, түрлі этностық қауымдастық өкілдерін біріктіретін мекеменің тарихы мен қазіргі қызметі туралы баяндады. Ол Қазақстан Елшілігімен және жергілікті қазақ қауымдастығымен тығыз байланыс орнатуға, соның ішінде бірлескен мәдени іс-шаралар, көрмелер мен ұлттық мерекелер ұйымдастыруға мүдделі екенін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел халықтары арасындағы достық байланыстарды одан әрі тереңдету мақсатында тұрақты негізде ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Сондай-ақ Елші Чехиядағы қазақстандықтардың басын біріктіретін Qazaq Nomad қоғамдық ұйымының жетекшісі Дарина Жұмағұлмен жүздесті. Кездесу барысында Д.Жұмағұл ұйымның құрылу тарихы, қазіргі қызметі және алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Тараптар Прага қаласында төртінші жыл қатарынан өткізілетін Наурыз мерекесіне дайындық барысын да талқылады. Қ.Әбдірахманов ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және отандастарды топтастыруға бағытталған мұндай бастамалардың маңызын атап өтіп, Елшілік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жүздесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәдени іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыруға уағдаласты.
Өткізілген кездесулер Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы қоғамдық-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, өзара түсіністік пен мәдениетаралық ықпалдастықты нығайтуға, сондай-ақ этносаралық және дінаралық келісім саласындағы тәжірибе алмасуды ілгерілетуге бағытталған ортақ мүддені растады.