Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінде №437 референдум учаскесі ашылды

Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінде №437 референдум учаскесі ашылды

Прага, 2026 жылғы 15 наурыз – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінде №437 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Чехия аумағындағы Қазақстан азаматтары еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша дауыс бере алады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-де (Астана уақытымен 11:00-де) басталды.

Учаске салтанатты түрде ашылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалды. Дауыс беру процесінің заңға сай өтуін бес адамнан құралған учаскелік комиссия қамтамасыз етуде.

Учаске ашылған сәттен бастап Чехияда тұрақты тұратын немесе уақытша жүрген қазақстандықтар өздерінің азаматтық ұстанымын белсенді түрде танытуда. Олардың қатарында Нимбурк қаласында халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан белгілі спортшылар – дзюдодан 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері Абиба Абужақынова бар.

Алғаш рет дауыс берген азаматтарға айрықша құрмет көрсетілді. Осыған орай учаскелік референдум комиссиясының атынан оларға ұлттық нақыштағы естелік сыйлықтар табысталды.

Күн барысында №437 учаскеге Қазақстанның 300-ден астам азаматы келіп, өз таңдауын жасайды деп күтілуде.