Прага, 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың Прага қаласындағы CEVRO университеті жанындағы Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу орталығына (CAPS) сапары барысында қазақстан-чех қатынастарын ілгерілетудегі сарапшылар қауымдастығының рөлі талқыланды. Орталықтың Консультативтік кеңесінің төрағасы Ян Заградил мен атқарушы директоры Ян Железны өз мекемелерінің академиялық және білім беру салаларындағы қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Бұл ретте Орталық Азияның саяси және экономикалық ерекшеліктерін зерттеуге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді.
Осы орайда, чех талдаушылар қауымдастығы Қазақстанда іске асырылып жатқан ауқымды реформаларға, ең алдымен, жалпыхалықтық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасына ерекше мән беріп отыр. Аталған реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң үстемдігі қағидатын нығайтуға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға, сондай-ақ әртараптандырылған әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға бағытталғанына баса назар аударылды.
Орталықтың бейінін және оның зерттеулерінің ресми әрі іскер топтар арасындағы сұранысқа ие екенін ескере отырып, тараптар сараптамалық алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Чехияның талдау орталықтары мен академиялық қауымдастықтары арасындағы жұмыс байланыстарын дамытуға өзара мүдделілігін растады.