Қазақстан мен Чехиядағы саяси үдерістер екіжақты диалогтың жаңа кезеңін айқындайды

Қазақстан мен Чехиядағы саяси үдерістер екіжақты диалогтың жаңа кезеңін айқындайды

Прага, 2026 жылғы 20 ақпан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасы Премьер-Министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Гинек Кмоничекпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар саяси диалог, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды қамтитын қазақ-чех ынтымақтастығының өзекті бағыттарын талқылады. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты.

Әңгімелесу барысында тараптар Орталық Азия өңірінің маңызы артып келе жатқанын атап өте келе, оның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, көлік-логистикалық байланыстарды дамытудағы және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды. Осы тұрғыда бірлескен экономикалық және инвестициялық жобаларды ілгерілету мақсатында жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыруға дайындық расталды.

Елші Қ.Әбдірахманов чех тарапын Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерісі жөнінде хабардар етті. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталған конституциялық реформаның мәні мен жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық негіздері таныстырылды.

Кездесуді қорытындылай келе, тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға ортақ мүдделілігін білдірді.