Прагада белгілі жерлесіміздің туындылары таныстырылды

Прагада белгілі жерлесіміздің туындылары таныстырылды

Прагадағы Ұлттық азшылықтар үйінің галереясында чех және еуропалық мәдени қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Сырлы Шығыс» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Экспозицияға Чехияға кеңінен танымал жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, Чех Республикасының Адам құқықтары және ұлттық азшылықтар істері жөніндегі бұрынғы министрі Жәмилә Стехликованың кескіндемелік туындылары мен оның әкесі – белгілі қазақстандық сәулетші әрі материалдық мәдениет зерттеушісі Алмас Ордабаевтың фотосуреттері қойылды.

Ж.Стехликова өз шығармаларында туған өлкесі мен Орталық Азия көріністерін арқау етіп, кең байтақ дала мен тау көріністерін және сәулет ескерткіштерін шебер бейнелешен. Ал А.Ордабаевтың фотосуреттері экспозиция мазмұнын байытып, өткен ғасырдағы қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-салты мен өмірінен сыр шертеді.

Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов суретшіні туған күніне орайластырылған көрмесінің ашылуымен құттықтап, Чех Республикасында қазақ мәдениетін дәріптеуге қосқан қомақты үлесі үшін алғыс білдірді. Ол мұндай бастамалардың екі ел арасындағы, сондай-ақ ежелгі Жібек жолы бойындағы Орталық Азиямен көпжақты байланыстарды дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

«Сырлы Шығыс» көрмесі 2026 жылдың 20 ақпанына дейін келушілерге есігі ашық болады.