Чехияның машина жасау және өнеркәсіп компанияларымен ынтымақтастық мәселелері Прагада талқыланды

Чехияның машина жасау және өнеркәсіп компанияларымен ынтымақтастық мәселелері Прагада талқыланды

Прага, 2026 жылғы 21 қаңтар – Шетелдік инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға бағытталған экономикалық дипломатияның басымдықтарына сәйкес, Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі екі елдің іскер топтары арасындағы өзара тиімді байланыстарды жолға қоюға және тереңдетуге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Осы бағыттағы алғашқы кездесулері аясында Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов чехиялық «TATRA» және «ZETOR» машина жасау компанияларының, сондай-ақ тау-кен жабдықтарын өндіретін озық «FERRIT», өнеркәсіптік жабдықтар шығаратын «ZVVZ Engineering» және шыны ыдысын дайындауға арналған жабдықтар шығаратын «SKLOSTROJ» компанияларының өкілдерімен кездесті.

Кездесулер барысында чехиялық кәсіпкерлер Қазақстан Республикасындағы әріптестерімен қалыптасқан серіктестікті жоғары бағалап, өзара ынтымақтастыққа қанағаттанушылық білдірді. Сондай-ақ олар Қазақстанда инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіруге бағытталған өзекті шаралар туралы ақпарат алды. Аталған реформалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы және басшылығымен іске асырылып жатқан жаңғыртудың жаңа кезеңі шеңберінде жүзеге асырылуда.

Қазақстандық дипломаттарға компаниялар тарапынан іске асырылып жатқан жобалардың қазіргі жай-күйі, бірлескен өндірісті жолға қою және ҚР-дың бірқатар өңірлерінде локализациялау перспективалары жөнінде мәлімет ұсынылды. Чех бизнесі ұсынатын заманауи технологиялар өнеркәсіптің түрлі салаларында, оның ішінде тау-кен секторында өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесулер қорытындысы бойынша Чехия өңірлерінде орналасқан аталған компаниялардың өндірістік алаңдарына барып көру, бизнес-форумдар ұйымдастыру, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері жөнінде тұрақты ақпарат алмасуды қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.