Прага, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Прага қаласындағы «Петршины» муниципалдық кітапханасында «Қара сөздер» кітабының чех тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Чехияның академиялық және қоғамдық орта өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, Прага жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ қазақстандық диаспора өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кітаптың жарық көруі еуропалық оқырманды ұлы қазақ ойшылының терең философиялық мұрасымен таныстыруға мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Чехия арасындағы гуманитарлық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді. Басылым чех оқырмандарына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әлі де өзектілігі сақталған Абайдың құндылықтары мен идеяларына жол ашады. Екі елдің халқы арасындағы өзара түсіністікті дамытуға және диалогты кеңейтуге бағытталған мәдени бастамалардың маңыздылығы ерекше атап көрсетілді.
Чех әріптестері Абай шығармашылығымен танысу Қазақстанның ұлттық мұрасын тереңірек түсінуге ықпал ететінін және елдің мәдени болмысына деген еуропалық аудиторияның қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті.
Кездесудің маңызды бөлігі ретінде кітапхана қорына «Қара сөздер» кітабының даналарын табыстау рәсімі өтті. Бұл көпшілік оқырман қауымына кітаптың қолжетімді болуын қамтамасыз етті. Іс-шара барысында ақынның өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқылып, домбырада күйлер шертілді. Тұсаукесер соңында қазақы қонақжайлылық пен достық қарым-қатынастың белгісі ретінде дәстүрлі дастарқан жайылды.