
Прага, 2025 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі Прага қаласындағы Витков Ұлттық мемориалында өткен «Қазақстандағы чех іздері» көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. Көрме қазақ және чех халықтарының ортақ тарихының аз зерттелген беттеріне арналған және 2025 жылдың қараша айының соңына дейін көпшілікке ашық болады.
Экспозиция ХХ ғасырда қазіргі Қазақстан аумағында орын алған және чехтардың өмірі мен қызметіне байланысты оқиғаларды алғаш рет кешенді түрде ұсынады. Көрме мұрағаттық материалдар мен далалық зерттеулер нәтижелеріне негізделіп, бұрын ғылыми тұрғыдан зерттелмеген тарихи тұстар мен байланыстарды ашады.
Жобаның авторы – зерттеушілер тобымен бірлесе көрмені әзірлеген Эрик Лукас. Жоба Масарик Демократиялық қозғалысының бастамасымен және Чех Республикасының Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ өзге серіктестер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды.
Көрме екі тілде – чех және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Сонымен қатар QR-кодтар арқылы материалдардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары қолжетімді. Экспозиция тоғыз тақырыптық бөлімнен тұрады және 23 ақпараттық панельде орналастырылған бірегей мұрағаттық фотосуреттермен толықтырылған.