Қазақстан мен Чехия арасындағы энергетикалық әріптестік жаңа деңгейге шықты

Қазақстан мен Чехия арасындағы энергетикалық әріптестік жаңа деңгейге шықты

Прага, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бастаған делегация Чех Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Чехияның мемлекеттік органдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Атап айтқанда, Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда вице-министрі Мартин Фрелихпен өткен кездесуде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, энергия үнемдеу шешімдерін енгізу, технологиялар трансфері және бірлескен өндірістерді жергіліктендіру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Чех Экспорттық банкі өкілдерімен өткен келіссөздер барысында тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ықпал ететін қаржылық тетіктерді пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.

Сондай-ақ қазақстандық және чех кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Делегация сапар барысында Чехияның жетекші өндірістік нысандарында болып, Tusimice электр станциясы, Пльзень қаласындағы DOOSAN Škoda Power зауыты және Милевско қаласындағы ZVVZ зауытының турбина жасау және энергетикалық машина жасау саласындағы заманауи инженерлік шешімдері мен технологияларымен танысты.

Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Чехияның ZVVZ Engineering компаниясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды. Құжат өнеркәсіптік желдету, энергия үнемдеу, экологиялық технологиялар және өндірісті Қазақстанда локализациялау бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жұмыс сапары Қазақстан мен Чехияның энергетика және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы әріптестікті кеңейтуге өзара жоғары қызығушылығын көрсетіп, аталған бағыттар бойынша тұрақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа перспективаларын ашты.