Қазақстан мен Чехия өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Чехия өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуде

Брно, 2025 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев бастаған қазақстандық делегация Орталық Азияның әлеуетіне арналған бизнес-форумға қатысты. Форум 2025 жылғы 7-9 қазан аралығында Орталық Еуропадағы ең ірі алаңдардың бірі болып табылатын Брно қаласындағы 66-шы Халықаралық өнеркәсіп көрмесінің аясында өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Чехия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастықтары мен кәсіпкерлері қатысты. Қазақстандық делегация құрамында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, Қазақстан машина жасаушылар одағы, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік басқармасы және бірқатар жеке өндірістік компаниялар болды.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген А.Панбаев Қазақстанның өнеркәсіптік даму саласындағы жетістіктері мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында қолға алынған шаралар туралы баяндады. Ол Қазақстанның технология трансфері, инновацияларды дамыту және өңірдің инвестициялар үшін тартымды орталық ретіндегі рөлін нығайту бағытында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ниетті екенін атап өтті.

Форумның екінші бөлігінде Қазақстан мен Чехия кәсіпкерлері арасында B2B форматындағы кездесулер өтіп, ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Қатысушылар машина жасау, цифрландыру және өндірісті автоматтандыру салаларындағы бірлескен бастамаларға ерекше қызығушылық білдірді.

Сапар аясында Қазақстан делегациясы Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрлігінің, сондай-ақ салалық бірлестіктердің басшылығымен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері және бірлескен индустриялық жобаларды іске асыруды қамтитын өзара іс-қимылды тереңдетудің нақты қадамдары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы өнеркәсіптік саладағы іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту және әріптестіктің жаңа формаларын іздестіру жөніндегі өзара қызығушылықтарын растады.

Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Omnipol a.s. компаниялар тобына кіретін Aircraft Industries қысқа қашықтықтағы ұшақтар өндіретін кәсіпорнында болды. Кездесу барысында делегация мүшелері өндіріс үдерісімен танысып, Қазақстанда шағын авиацияны дамыту саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.