Прага, 2025 жылғы 25 тамыз – Чех Республикасына ресми сапар аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, жетекші өнеркәсіптік компаниялар мен жоғары оқу орындарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.
Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Сауда палатасының басшылығымен өткен кездесулер барысында тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту, транзиттік бағыттарды дамыту, инвестициялар тарту және чех компанияларының Батыс Қазақстан облысының инфрақұрылымы мен өнеркәсібін жаңғырту жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Чехияның жетекші өнеркәсіптік және жоғары технологиялық компанияларымен өткен келіссөздерде «Sklostroj» компаниясымен шыны ыдыс өндірісін құру саласында ынтымақтастық мүмкіндіктері, сондай-ақ «Protis Ostrava Inženýring» компаниясының аспап жасау және энергетикалық инфрақұрылым саласындағы шешімдері қаралды. «Tatra Trucks» компаниясымен мамандандырылған техниканы бірлесіп өндірудің перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, «Ferrit» компаниясы тау-кен өнеркәсібіне арналған заманауи көлік жүйелерін ұсынды. Бұдан бөлек, «Чех коммуналдық және энергетикалық технологиялары» консорциумына кіретін компаниялармен кездесу өтіп, онда энергетика, өзен көпірлері құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы мүмкіндіктер таныстырылды.
Бағдарламаның жеке бөлігі ретінде делегация чехиялық «Omnipol» холдингінің басшылығымен кездесіп, қорғаныс, аэроғарыш және азық-түлік өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Сапар барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Злин өлкесіне барып, губернатор Радим Голишпен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында делегациялар алмасу, мәдени және білім беру бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік топтар арасында тікелей байланыстар орнату мәселелерін қамтитын өңіраралық ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Н.Төреғалиев губернаторды және чех бизнесінің өкілдерін өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысу үшін Батыс Қазақстан облысына сапармен келуге шақырды.
Прагада Н.Төреғалиев Чех техникалық университетінің басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және чех жоғары оқу орындарының филиалдарын Батыс Қазақстан облысында ашу мәселелері талқыланды. Ядролық инженерия саласындағы мамандарды даярлау және өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ерекше көңіл аударылды.
Злин қаласында Томаш Батя атындағы университеттің басшылғымен кездесу өтті. Тараптар академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар және чех жоғары оқу орнының Батыс Қазақстан облысында филиалын ашу мүмкіндіктерін қарастырды.
Н.Төреғалиев 56-шы дәстүрлі «Липталь мерекелері» (Liptálské slavnosti) халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, онда Батыс Қазақстан облыстық филармониясының «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Чехия астанасында қазақстандық делегация Батыс Қазақстан облысының тумасы, Кеңес Одағының Батыры, старшина Мажит Жүнісовтың қабіріне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіпті жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға, озық технологияларды енгізуге, гуманитарлық алмасуларды кеңейтуге, сондай-ақ чех жоғары оқу орындарының филиалдарын Батыс Қазақстан облысында ашуға бағытталған бірлескен жобаларды дамытуға дайын екендіктерін растады.