Прага, 2025 жылғы 21 маусым – Пражский Град маңындағы Градчаны алаңында Чехиядан Жапонияға дейінгі ROBOT Praha–Osaka EXPO 2025 халықаралық автокеруенінің ресми басталу рәсімі өтті. Экспедиция аясында жеті чехиялық ретроавтокөлік Осака қаласында өтетін ЭКСПО 2025 Дүниежүзілік көрмесіне қатысу үшін жолға шықты. Маршруттың негізгі кезеңдерінің бірі Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтеді, бұл елдің Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі маңызын көрсетіп, жобаның құрлықаралық сипатын айқындайды.
Салтанатты шараға Чехия Республикасының Президенті Петр Павел, дипломатиялық корпус өкілдері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, сондай-ақ жобаның ұйымдастырушылары мен серіктестері қатысты.
ЧР Президенті Петр Павел экспедицияға жеке өзі бастау беріп, бұл бастаманың халықтар арасындағы жақындасуға бағытталған маңызды миссиясын атап өтті. Ол қатысушыларға сәтті сапар, қолайлы ауа райы және Жапонияға аман-есен жетуді тіледі.
Рәсім барысында сөз сөйлеген Елші Б.Дүйсенбаев бұл бастаманың халықаралық ынтымақтастық пен мәдени диалогты дамытудағы маңызын атап өтті. Ол Еуразия құрлығын бойлай өтетін экспедиция идеясын жоғары бағалап, барлық қатысушыларға белгіленген мерзімде сапарларын сәтті және қауіпсіз аяқтауды тіледі.
Экспедиция шамамен бес аптаға созылып, Қазақстанды қоса алғанда, 12 елдің аумағын қамтиды. Жалпы қашықтық 16 000 шақырымға жуық. Маршруттың соңғы нүктесі – Осака шығанағындағы Юмешима аралы, онда автокөліктер 2025 жылғы 24 шілдеге жоспарланған Чехияның ұлттық күні аясында таныстырылады.
Жоба халықаралық диалогқа, өзара түсіністік пен мәдени алмасуға ұмтылысты білдіреді.