Прага, 2025 жылғы 7 маусым – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Прагада өткен 8-ші Елшіліктер фестиваліне қатысты. Биыл бұл ірі халықаралық шараға 56 елдің дипломатиялық өкілдіктері қатысып, өз халқының мәдени дәстүрлерін, қолөнер бұйымдары мен аспаздық мұрасын ұсынды.
Фестивальдің ресми ашылу салтанатына Чехия Сыртқы істер министрі Ян Липавский, Прага қаласының мэрі Богуслав Свобода, Прага 6 муниципалдық ауданының мэрі Якуб Старек, шет мемлекеттердің елшілері мен іскерлік қауым өкілдері қатысты.
Қазақстан екінші жыл қатарынан дәстүрлі киіз үй тігіп, фестиваль қонақтарының басты назарын аударды. Күні бойы көптеген қонақтар оның ішкі көрінісі мен ұлттық нақыштағы безендірілуін тамашалап, қазақ халқының көшпелі мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шараның құрметті қонақтары – Сыртқы істер министрі Я.Липавский мен Прага 6 мэрі Я.Старек қазақ дастарқанының қадірлі меймандары болып, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Прагадағы «Алматы» дүкенінің қолдауымен фестиваль қонақтары қазақ қонақжайлығының атмосферасын сезініп, ұлттық тағамдардың алуан түрінен дәм татты. Үлкен қазанда дәстүрлі палау дайындалып, ыстық күйінде ұсынылды. Сондай-ақ қонақтарға жаңа піскен мәнті, дәстүрлі нан өнімдері мен түрлі тәттілер ұсынылды. Қазақ асханасына тән сусындар – қымыз бен айран чех қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Прага 6 муниципалдық ауданы мен «Фермерлік базарлар қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастырған фестиваль чех бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, жергілікті қоғам тарапынан оң бағасын алды. Шара шетелде қазақ мәдениетін ілгерілетуге және екіжақты гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған тағы бір жарқын үлес болды.