Прага, 2025 жылғы 2 маусым – Чех Республикасы Қарулы Күштерінің ұшағымен Прага-Кбелы әскери әуежайынан Пржевальский жылқыларының екінші тобы Қазақстан даласына жөнелтілді. Бұл шара осы сирек жануарларды тарихи отанына қайта қоныстандыруға бағытталған халықаралық реинтродукция жобасының аясында жүзеге асырылуда. Жылқылардың тағы бір тобы Мажарстандағы Хортобадь ұлттық паркінен ұшырылды.
Жөнелту рәсімі алдында баспасөз конференциясы өтіп, оған Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Б.Дүйсенбаев, Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек және Прага қаласының қоршаған орта мәселелері жөніндегі вице-мэрі Яна Комрскова қатысты.
Өз сөзінде Елші Б.Дүйсенбаев бұл жобаның Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық аясында ғана емес, сонымен қатар бүкіл планета көлеміндегі биоәртүрлілікті сақтау жолындағы күш-жігер тұрғысынан да маңызды екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат чех әріптестеріне, соның ішінде Прага хайуанаттар бағы мен ЧР Қарулы Күштеріне, өз ісіне адалдығы үшін алғысын білдіріп, жобаның экологиялық дипломатия мен тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Прага хайуанаттар бағының директоры М.Бобек жылқыларды тасымалдауға және жерсіндіруге мұқият дайындалғанын мәлімдеді. Алайда, биыл да күтпеген жағдай орын алды. Әуежайға жеткізу кезінде «Виски» есімді айғыр тасымалдау жәшігінен босап шығып, көліктен секіріп кеткен. Соның салдарынан оны қайтадан хайуанаттар бағына қайтаруға тура келді. Осылайша, Прага қаласынан жоспарланған төрт жануардың орнына тек үшеуі ұшырылды. Тағы төрт жылқы Мажарстаннан жөнелтілді.
Анықтама үшін: «Жабайы жылқыларды туған мекеніне қайтару» жобасы 2011 жылдан бері табысты іске асып келеді. Ол алғаш Моңғолияда өз нәтижесін берген. Қазақстан – Пржевальский жылқыларын қайта қоныстандыру қолға алынған екінші ел. Бұл жоба сирек кездесетін жануар түрінің жаһандық популяциясын қалпына келтіруге бағытталған бірегей бастама болып табылады. Өткен жылы Прага және Берлин хайуанаттар бақтарынан жеткізілген алғашқы жеті жылқы «Алтын Дала» табиғи резерватында жерсіндіруден өтіп, қазіргі таңда табиғи ортаға жіберілуге дайын.