Прага, 2025 жылғы 29 мамыр – Чех Республикасында «Лидице–2025» атты 53-ші Халықаралық балалар шығармашылығы көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған көрме – халықаралық байқауға ұсынылған және іріктелген жұмыстар негізінде ұйымдастырылды және жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған баланы біріктіреді. Биылғы жылғы конкурс «Ойын» тақырыбына арналды.
Іс-шара Чех Республикасының Мәдениет, Білім және Сыртқы істер министрліктерінің, сондай-ақ ЮНЕСКО істері жөніндегі Чехия ұлттық комиссиясының қолдауымен өтті.
Биылғы жылы байқауға 69 елден 13 000-ға жуық жас суретшінің жұмыстары ұсынылды. Кәсіби қазылар алқасы 1580 суретті көрмеге қатысуға іріктеп алды.
Конкурсқа Қазақстаннан 124 оқушының жұмысы қатысты. Өскемен қаласының 13 жастағы оқушысы Валерия Каверзинаның суреті «Лидице раушаны» медалімен марапатталды. Ал Қостанай қаласынан 13 жастағы Юлия Донцованың жұмысы Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен қатар, Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» балалар өнер мектебі де медальмен марапатталды.
Анықтама үшін: «Лидице» көрмесі алғаш рет 1967 жылы неміс нацистері тарапынан қырғынға ұшыраған чехиялық Лидице ауылының балалары мен өзге де соғыс қақтығыстарында қаза тапқан балалардың рухына арнап құрылған. Бастапқыда ұлттық деңгейдегі көрме ретінде басталған бұл шара 1973 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болып, өзінің тарихында тек Чехияда ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен танымал болды. Соңғы жылдары бұл көрмеге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған бала өз туындыларын жолдайды.
Қазақстандық балалардың туындылары Халықаралық «Лидице» балалар шығармашылығы көрмесіне үнемі қатысып келеді.