
QazETA – шетел азаматтарына көші-қон және соған байланысты негізгі қызметтерге «бір терезе» қағидаты бойынша ыңғайлы, ашық әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін құрылған мемлекеттік цифрлық платформа.
Жоба шетел азаматтарының Қазақстанның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын заманауи және қолайлы форматта ұйымдастыруға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына кіруі мен елде болу рәсімдерін жеңілдету;
шетел азаматтарының елге кіруден бастап күнделікті қызметтерге дейін мемлекеттік сервистермен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық кіру нүктесін қалыптастыру;
процестердің ашықтығын арттыру, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту;
негізгі көші-қон рәсімдерін цифрлық және мобильді форматқа көшіру.
Қазіргі уақытта QazETA пилоттық режимде жұмыс істейді, ал оны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда платформада келесі қызметтер қолжетімді:
электрондық визаларды (e-Visa) беру;
елге кіруге арналған электрондық рұқсатты (ETA) рәсімдеу;
Қазақстан Республикасының электрондық резиденті мәртебесін (e-Residency) алу;
шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткендігі туралы анықтама беру (соның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI кодын тексеру мақсатында).
Электрондық виза – бұл шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға виза беру бойынша мемлекеттік қызметтің цифрлық нысаны.
104 елдің азаматтары (тізімі қоса беріледі) келесі санаттар бойынша бір реттік электрондық виза ала алады: A3 – қызметтік, A5 – инвесторлық, B1, B2, B3 – іскерлік, B9-1 – Digital Nomad визасы, B10 – жеке, B12 – туристік, C12 – емделу мақсатында.
Электрондық виза электронды түрде рәсімделген шақыру негізінде беріледі (шақыруды ҚР ІІМ аумақтық полиция органдары рәсімдейді). Виза тек оны алған адамға ғана жарамды және бірге жүретін тұлғаларға қолданылмайды.
Егер шетел азаматының паспорты ауыстырылса, электрондық визаны қайта рәсімдеу қажет.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағына электрондық визамен тек халықаралық әуежайлардың өткізу пункттері арқылы кіріп-шыға алады.
ETA – Қазақстан Республикасына визасыз кіре алатын елдердің азаматтарына арналған электрондық рұқсат.
Қазақстанға сапар жоспарлаған шетел азаматтары ETA алу үшін өтінімді мобильді қосымша арқылы сапардан кемінде 72 сағат бұрын беруі тиіс.
ETA-ның жарамдылық мерзімі – 180 күн.
Ал шетел азаматтарының Қазақстанда нақты болу мерзімі қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес реттеледі.
Сонымен қатар, ETA рұқсатының берілуі Қазақстанға кіруге толық кепілдік бермейді. Елге кіру туралы соңғы шешімді шекаралық бақылау кезінде Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы қабылдайды.
ETA алудан босатылатын тұлғалар:
дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;
ресми делегация мүшелері;
Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері.
Пилоттық кезеңде визасыз режимі бар елдердің азаматтары үшін ETA алу ұсыныстық сипатта болады. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін аталған азаматтар санаты үшін ETA-ны міндетті түрде алу кезең-кезеңімен енгізіледі.
e-Residency – Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға цифрлық мемлекеттік және коммерциялық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін инновациялық құрал.
Бұл жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы шеңберінде жүзеге асырылады. Электрондық резиденттік мына мүмкіндіктерді қамтиды:
жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қашықтан алу;
банктік шоттар мен төлем карталарын ашу;
eSIM рәсімдеу;
компанияларды қашықтан тіркеу және бизнес жүргізу.
Болашақта платформаның функционалын кеңейту жоспарлануда. Оның ішінде: медициналық сақтандыруды рәсімдеу, ETA иелері үшін шекаралық бақылаудан жедел өту мүмкіндігі, сервистік алымды төлеу және басқа да цифрлық қызметтер.
QazETA мобильді қосымшасын PlayMarket және App Store арқылы жүктеуге болады.
Жоба аясында техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Сұрақтар мен ұсыныстарды келесі электрондық пошта арқылы жолдауға болады:
support@qazeta.kz