2025 жылғы 14 мамыр - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Гарж-ле-Гонес қаласының мэрі Бенуа Жименемен кездесіп, децентрализацияланған ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Сұхбат барысында тараптар мәдениет, инновациялар және халықтар арасындағы креативті диалогтың бір түрі ретінде цифрлық өнер салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту жолдары жөнінде пікір алмасты.
Айта кететін жайт, мэр Б. Жимененің қолдауымен Гарж-ле-Гонес қаласында бірнеше жыл бойы қазақ диаспорасы үшін Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтуде. Бұл қолғабыс екі елдің мәдениеттері арасындағы өзара түсіністік пен достықтың нақты көрінісі болып табылады.
Сондай-ақ, Елші 2023 жылы ашылған жастарды шығармашылыққа және мәдениеттер арасындағы диалогқа тартуға бағытталған "Le Cube Garges" мәдени инновациялар орталығының қызметімен танысты. Орталық кітапхана, медиатека, кинотеатр, музыкалық студиялар мен технологиялық жобаларды жүзеге асыруға арналған шеберханаларды біріктіреді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, екіжақты байланыстарды жандандыру мақсатында тұрақты қарым-қатынас орнатуға уағдаласты.