
Париж, 5 мамыр 2025 жылғы – ФР Ұлттық Ассамблеясында Франция парламентінің төменгі палатасының Халықаралық істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фукстың төрағалығымен «Франция мен Қазақстанның берік стратегиялық әріптестігі Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың көпірі және үдеткіші ретінде» тақырыбында конференция өтті.
«IPSE» француз талдау орталығының президенті Эммануэль Дюпюи ұйымдастырушысы және модераторы болған пікірталасқа француз депутаттары, бизнес-қоғамдастық өкілдері, талдаушылар, сарапшылар мен журналистер қатысты.
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова конференцияны ашқан сөзінде 2024 жылғы қарашада ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша нығайтылған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген қазақстан-француз ынтымақтастығының негізгі бағыттарын аудиторияға таныстырды. Қазақстандық дипломат Орталық Азия өңірінің халықаралық аренадағы стратегиялық салмағының артып келе жатқанын, сондай-ақ, біздің еліміздің өңір ішінде де, оның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында да көшбасшылық рөлін атап өтті. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушыларға ү.ж. мамырдың соңында елімізде Astana International Forum және француз компанияларының делегациясы қатысатын Қазақстан-француз бизнес-форумы өтетіні туралы жеткізілді.
Өз кезегінде, конференция спикерлері ЕО-ның ОА өңірімен қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастығының перспективалық бағыттарын талқылай отырып, осы процестердегі Қазақстанның шешуші рөлін растады. Сондай-ақ, біздің еліміздің орта держава ретіндегі геосаяси рөлінің артуы атап өтілді.
Бұған қоса, сарапшылар Астананың көпвекторлы саясатын, «Орталық Азия – Еуропа» бағытында Қазақстан мен Францияның өңіраралық алмасуы кеңеюінің ерекше байланысын және Самарқандағы «ЕО - ОА» саммитінің нәтижелерін, сондай-ақ аталған жиын барысында ҚР Президенті бастамаларын жоғары бағалады.