Париж, 2025 жылғы 22 сәуір — Париж қаласында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен Францияның 50-ден астам ірі компаниясының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан – Франция іскерлік кеңесі мен Франция кәсіпкерлер қозғалысы MEDEF International-дың қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Астанада өтетін екі ірі халықаралық іс-шараның тұсаукесері өтті:
2025 жылғы 28 мамырда өтетін “Франция күні” аясындағы Қазақстан–Франция инвестициялық форумы және
29–30 мамырға жоспарланған Астана халықаралық форумы.
Гүлсара Арыстанқұлова қатысушыларды алдағы іс-шаралардың форматы және мазмұнымен жан-жақты таныстырып, Астана халықаралық форумының рөліне ерекше тоқталды. Бұл алаң қысқа уақыт ішінде тұрақты даму, геоэкономика, климаттың өзгеруі мен технологиялық трансформация тақырыптарын талқылайтын беделді жаһандық пікірталас алаңына айналды. Форум саясаткерлерді, бизнес көшбасшыларын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін біріктіре отырып, Қазақстанды әлем аймақтарын байланыстыратын маңызды диалогтық көпір ретінде танытады.
Сондай-ақ, алдағы инвестициялық форумның 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Францияға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудағы маңызды құралы ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Бұл сапар екіжақты қатынастарды нығайтылған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріп, бірлескен экономикалық бастамаларды кеңейтуге берік негіз қалады.
Елші өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарын ұсынды. Ол инвестициялық ахуалдың тұрақтылығын, институционалдық реформалардың сабақтастығын және еліміздің ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде өңдеуші өнеркәсіп, стратегиялық маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу, денсаулық сақтау және фармацевтика, сондай-ақ туризм аталды.
Ашық пікірталас барысында француз іскерлік ортасының өкілдері Қазақстанмен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделілік танытып, бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты нақты сұрақтар қойды.
Кездесу қорытындысы бойынша француз компаниялары Астанада өтетін алдағы іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екендерін растап, Қазақстанмен экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.