Париж, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Франциядағы
Елшілігінің қолдауымен Қарағанды халықаралық әуежайының Басқарма
төрағасы Руслан Ғаббасов бастаған әуежай басшылығы мен әлемдегі ірі
контейнерлік тасымалдаушылардың бірі болып табылатын француздық CMA
CGM көлік-логистика тобының өкілдері арасында онлайн-келіссөздер өтті.
Кездесу барысында тараптар жүк әуе тасымалы саласындағы
ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде Қарағанды әуежайын
Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде пайдалану мүмкіндігін
талқылады.
Бұдан басқа, инфрақұрылым, қызмет көрсету шарттары, өңірдің
логистикалық әлеуеті және коммерциялық ынтымақтастық шарттары
мәселелері қозғалды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылықтарын білдіріп, ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement - Compagnie Générale Maritime) –
1978 жылы Францияда негізі қаланған, әлемдегі ең ірі теңіз тасымалдау және
контейнерлік операторлардың бірі. Компания әлем бойынша көлемі жағынан үшінші
контейнер иесі болып саналады.
2024 жылы компанияның айналымы 55,5 млрд АҚШ долл. құрады.
2006 жылдан бастап Алматы қаласында компанияның Орталық Азия бойынша
өңірлік штабы қызмет етуде.