Париж, 2025 жылғы 15 сәуір - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты, сондай-ақ Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тең төрағасы Лоран Сен-Мартенмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы күшейтілген стратегиялық әріптестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Француз министрі 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Парижге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелерін жоғары бағалап, еліміздің Орталық Азиядағы Франция үшін жетекші әрі сенімді серіктес ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру мен жаңа екіжақты бизнес-бастамаларды ілгерілетуге қызығушылық білдірді.
Өз кезегінде Елші Г. Арыстанқұлова Қазақстанның Франциямен стратегиялық әріптестікті жан-жақты нығайтуға ниетті екенін білдіріп, сирек металдар, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Аталған бағыттарда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға Қазақстан Үкіметі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіні де расталды.
Кездесу қорытындысында Лоран Сен-Мартен ү.ж. мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына және оның аясында ұйымдастырылатын Қазақстан-Франция инвестициялық форумына қатысатынын хабарлады. Сондай-ақ, бұл іс-шараларға француз іскерлік топтарының өкілдері де келетінін, олардың қатысуы екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашатынын атап өтті.