2025 жылғы 6 сәуір - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Гарж-ле-Гонесс қаласында Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі, «AKFT» қауымдастығы, «Абай» мәдениет орталығы, «QazElles» «Alem» ассоциацияларының белсенді қатысуымен отандастар, қандастар және студенттерге арналған Наурыз мерекесіне орай көктемгі кездесу өткізді.
Іс-шараны Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова, Гарж-ле-Гонесс қаласы спорт мәселелері жөніндегі мэрінің орынбасары Б. Гюно және «AKFT» қазақ диаспорасының төрағасы Р.Гюнай, құрметті қонақ ретінде шақырылған, дзюдодан жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов ашып, қатысушыларға құттықтау сөздерін арнады. Сонымен қатар, Ақсуат ауданының әкімі Е.Ескендіров, Шымкент қаласы әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Б. Әділханов, «Мәдениет пен спортты дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті А.Ислам өз тілектерін білдірді.
Мерекелік бағдарлама барысында Абай облысы Ақсуат ауданының «Бабалар сазы» ансамблі, Шымкент қаласының «Qagan» этно-ансамблі, «Яссы» би тобы өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Мәдениет пен спортты дамыту» қоғамдық бірлестігі ұлттық ойындарды - асық ату, арқан тарту - ұйымдастырып, қонақтарды таныстырды.
Іс-шара аясында футболдан өткен халықаралық турнир де үлкен қызығушылық тудырды. Оған қазақстандық дипломаттар, қандастар, Францияда жұмыс істейтін және оқып жатқан отандастар, шетелдіктерден құралған топтар қатысты. Турнирдің нәтижесінде «Париж қазақ спорт» командасы чемпион атанды, «Оңтүстік Қазақстан облысы» командасы күміс медаль жеңіп алса, «Достық» командасы қола медальға ие болды. Жеңімпаздарды дзюдодан Олимпиада чемпионы Е. Сметов марапаттады.
Сонымен қатар, қатысушылар «Ұршық» қолөнершілер қоғамы ұйымдастырған шеберлік мастер-класына қатысып, тоқылған ұлттық әшекейлер мен қолөнер бұйымдарының жасалуын тамашалады.
Көктемгі кездесу ұлттық киімнің «Bibikarden» әйелдер топтамасының көрсетілімімен аяқталды.
Бұл іс-шара Қазақстанның Франциядағы диаспорасы үшін екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосылған үлкен үлес болды.