Париж, 2024 жылғы 25 мамыр - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі біздің отандасымыз, велосипедші Раббим Борашев пен оның жұбайының Париждегі Триумф аркада салтанатты кездесу рәсімін ұйымдастырды. Маңғыстау облысының тумасы өзінің саяхатын ү.ж. мамыр айында бастап, бүгін Олимпиада ойындары қарсаңында Парижде сәтті аяқтады.
Іс-шараға Францияда тұратын, Қазақстаннан келген туристер, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері мен француз азаматтары қатысты.
Велосипедшіні Елші Гүлсара Арыстанқұлова мен елшілікке келген ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қарсы алып, алғысын білдірді. Атап айтқанда, Министр өскелең ұрпақ үшін жақсы үлгі болып табылатын қазақстандық зейнеткердің рухы мен спорттық дайындығының беріктігін атап өтті.
Өз кезегінде, Р.Борашев веложарыс, жеті елдің дәстүрлері мен тұрмысымен танысу туралы жарқын әсерлерімен бөлісті, сондай-ақ біздің елімізді абыроймен таныстырды. Велошабандоздың айтуынша, 5 мың шақырымды еңсере отырып, ол қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында халықаралық спорттық іс-шара кезінде Парижге бару туралы өзінің көптен бергі арманын орындады.
Іс-шара барысында қонақтар жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының қолдауы ретінде ұйымдастырылған Елшілік аумағындағы фотокөрмемен танысты. Фотосуреттерде бокс, дзюдо, теннис, таэквондо, семсерлесу, гимнастика және велоспортта жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар бейнеленген.
Сонымен қатар, қатысушылардың назары әлемнің көптеген мемлекеттерінің өкілдері қатысатын қыркүйек айында өтетін Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аударылды. Осыған орай, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Елшілік аумағында жарнамалық баннер орнатылды.
Спорттық іс-шара соңында қатысушылар қазақстандық спортшыларға қолдау білдіріп, Олимпиадада жеңіске жетуге шын жүректен тілектерін білдірді.