Қазақстан мен Франция сыни материалдар саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Франция сыни материалдар саласындағы ынтымақтастықты талқылады

 

 

Қазақстанның Франциядағы Елшілігі «MEDEF International» француз бизнес қауымдастығымен, «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Invest» ҰК бірлесіп, екі елдің сыни материалдар саласындағы ынтымақтастығы тақырыбында вебинар ұйымдастырды.

Іс-шара Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің басшылары Айдана Кәрібжанов пен Ги Сидостың, екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен компанияларының төрағалығымен өтті.

Қатысушылардың алдында ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария сөз сөйледі. Екі ел арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын атап өтіп, ол бұл вебинар екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын, атап айтқанда, Франция Президентінің 2023 жылғы қарашадағы Астанаға сапары барысында қол қойылған Стратегиялық минералдар бойынша ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен декларацияны іске асыруға ықпал ететінін атап өтті. К. Закария жоғары деңгейдегі кезекті кездесу аясында тараптар жаңа бірлескен жобалар туралы жариялай алады деген үмітін білдірді.

Қорлар мен іске асырылып жатқан жобалар туралы презентацияларды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті және ҚР Ұлттық геологиялық қызметі ұсынды.

Тараптар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Парижге жоспарланған сапары аясында бизнес-форум аясында ұйымдастырылатын келіссөздерді жалғастыруға қызығушылық білдірді.

Бұдан басқа, ҚР Ұлттық геологиялық қызметі мен Француз геологиялық бюросы, сондай-ақ Минералдар мен металдар альянсы арасында бірлескен жобаларды сәйкестендіру мақсатында тұрақты байланыстарды қолдау уағдаластығына қол жеткізілді.

Өз кезегінде Қазақстан Елшілігі мен «Medef International» қауымдастығы екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасындағы байланыстырушы көпір болуға келісті.