ЮНЕСКО Наурыз мейрамын атап өтті

ЮНЕСКО Наурыз мейрамын атап өтті

Париж, 2023 жылғы 15 наурыз – Қазақстан мен 10 елдің өкілдері БҰҰ-дың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Наурыз мейрамын  мерекеледі.

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі іс-шараға ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасарлары Эдуард Матоко мен Габриела Рамос, Ұйым жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдерді, ғылыми және шығармашылық орталардың, Наурызды атап өтетін халықтардың диаспораларының өкілдерін көктем мейрамымен құттықтады.

Іс-шара аясында Қазақстанның Франциядағы Елшілігі жанындағы  «Қорқыт-Абай» қазақ мәдени орталығының меңгерушісі Айгерім Ерсайынова қазақтың қобызында ойнап, өз шеберлігімен тамсандырды. Сонымен қатар, Ауғаныстан, Ирак және Түрікменстанның әртістері ұлттық аспаптарында өнер көрсетті.

Қонақтар жаңару мейрамын мерекелейтін елдердің дәстүрлерімен таныстырылып, қазақ және шығыс тағамдарынан дәм татты.

Іс-шараға қатысушылардың назарына Қазақстанның Елшілігі мен ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі еліміздің тарихы мен мәдениеті, тұрмысы  туралы көрмені ұсынды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2010 жылы қабылдаған 64/253 қарарына сәйкес жыл сайын 21 наурызда бүкіл әлем Халықаралық Наурыз күнін атап өтеді. Ал ЮНЕСКО-да Наурызды мерекелеу дәстүрі Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Үндістанның ортақ ұсынысымен Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.