Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі ЮНЕСКО Бас директорына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі ЮНЕСКО Бас директорына сенім грамоталарын тапсырды

Париж, 2023 жылғы 13 ақпан – Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесінің
Бас-пәтерінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Гүлсара Арыстанқұлова ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулеге сенім грамоталарын табыс етті.

Кездесу барысында Бас директор ұйымның мандатына кіретін барлық мәселелер бойынша Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың деңгейін жоғары бағалап, біздің еліміздің мәдениетаралық диалогты ілгерілетудегі бастамашы ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, О.Азуле Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елдегі саяси және экономикалық реформаларына қолдау білдірді.

Өз кезегінде, Г.Арыстанқұлова Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік екендігіне сендіре отырып, Бас директорды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Осы орайда, ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың 2023 жылғы 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумының жұмысына шақыру хатын табыстады.

Сонымен қатар, О.Азуле 2021 жылғы тамызда Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болған ұйымның Алматыдағы Кабул Кеңсесінің қызметкерлеріне көрсеткен көмегі мен орналастырғаны үшін Қазақстан басшылығына алғысын білдірді. Осы ретте, тараптар Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының одан әрі жемісті қызметіне өзара қызығушылық танытты.

Кездесу соңында сұхбаттасушылар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы практикалық ынтымақтастықты жаңа бірлескен жобаларды іске асыру арқылы одан әрі кеңейтуге бейілділігін растады.